Денсаулық сақтау министрлігі Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында денсаулық сақтаудың интеллектуалды платформасын енгізді. Жаңа жүйе елдегі медицина ұйымдарының қызметін қашықтан, ашық және объективті бақылауға мүмкіндік береді.
Бұған дейін медицина ұйымдарына бармай-ақ бақылау жүргізудің бірыңғай жүйесі болмаған еді. Мониторинг әртүрлі ақпараттық жүйелерден деректерді қолдан жинау арқылы жүзеге асырылып, көп уақыт пен еңбек шығындарын талап ететін. Денсаулық сақтаудың интеллектуалды платформасын енгізу арқылы бұл процесс толықтай автоматтандырылды.
Денсаулық сақтаудың интеллектуалды платформасы — медицина ұйымдары, қызметкерлер, жабдықтар мен инфрақұрылым туралы мәліметтерді бір цифрлық кеңістікте біріктіретін ақпараттық жүйе. Жүйеде үш негізгі цифрлық тізілім жұмыс істейді: медицина ұйымдарының тізілімі (ұйым паспорты, лицензиялар, ғимараттар, бөлімшелер, кабинеттер, палаталар, кереует қоры және автокөлік мәліметтері), кадр ресурстарының тізілімі (штат кестесі, еңбек қатынастары, мамандардың сертификаттары, білімі, студенттер мен резиденттер туралы деректер) және медициналық техника тізілімі (жабдықтардың қолданылу циклі, есепке алу, техникалық қызмет көрсету, жөндеу, тозу дәрежесі, қалдық құны).
Денсаулық сақтау министрлігі сапаны қамтамасыз ету үшін 60 тәуекел индикаторын әзірледі. Бұл индикаторлар лицензиядан кейінгі бақылау (2 индикатор), ресурстық қамтамасыз ету (5 индикатор), клиникалық қызмет мониторингі (20 индикатор) және медициналық көмектің қолжетімділігі (33 индикатор) сияқты бағыттарды қамтиды. Қазіргі таңда жүйеде бірінші кезектегі 5 негізгі индикатор (қоса атқарушылар үлесі, кадр айналымы, сертификаттар мен лицензиялардың сәйкестігі, жалпы талаптарға сәйкестік деңгейі) белсенді жұмыс істеп тұр, ал қалған индикаторлар кезең-кезеңмен іске қосылады.
Жүйе автоматты түрде тәуекелі жоғары медицина ұйымдарының тізімін қалыптастырады. Анықталған сәйкессіздіктер бойынша ұйымдарға цифрлы форматта ұсынымдар жіберіледі. Медицина ұйымы анықталған бұзушылықтарды жоюға міндетті. Егер ұсынымдар 30 күнтізбелік күн ішінде орындалмаса, жүйе автоматты түрде нысанға бару арқылы профилактикалық бақылауды бастауға негіз болады.
Цифрлы бақылаудың нәтижесінде адами фактордың ықпалы алынып тасталып, тексеру мерзімдері едәуір қысқарды. 2026 жылдың І жартыжылдығының қорытындысы бойынша 324 медицина ұйымына профилактикалық бақылау жүргізілді. Оның ішінде 38 субъектіде (12%) тиісті лицензияның жоқтығы анықталып, қызметті уақытша тоқтата тұру түрінде жедел ден қоюдың 27 шарасы қолданылды. Сонымен қатар 2 448 маманның сертификаттарының жарамдылық мерзімі өтіп кеткені анықталып, 52 маман жұмыстан уақытша шеттетілді.
Денсаулық сақтаудың интеллектуалды платформасын енгізу салалық бақылау барысын алдын ала талдау жасауға және тәуекелдерді автоматты түрде басқаруға негізделген жаңа сапалы деңгейге шығарды.
- "Біз медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті ретінде азаматтан қандай да бір шағым немесе өтініш келіп түсуін күтпестен, осы индикаторларды алдын ала анықтап, яғни автоматты түрде бақылау жүргізіп, медицина ұйымында қандай тәуекелдер бар екенін білуге болады. Яғни, біз жарақтандыру деңгейін, медициналық көмектің сапасын, көмек көрсету көлемінің жеткіліктілігін, медициналық көмекті көрсететін кадрлардың қажетті санын және жалпы медицина ұйымының қызмет көрсету аумағын зерделей аламыз", - дейді ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің төрағасы Бауыржан Жүсіпов.