
Астанада Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің 2026 жылдың бірінші жартыжылдығындағы жұмыс қорытындылары бойынша алқа отырысы өтті.
Жиында медициналық көмектің сапасын арттыру, пациенттердің құқықтарын қорғау, медициналық ұйымдардың қызметін бақылау, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ бақылау саласына цифрлық технологияларды енгізу мәселелері қаралды.
Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова бақылау шараларын күшейтудің басты мақсаты – азаматтардың құқықтарын қорғау және халыққа көрсетілетін медициналық көмектің сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету екенін атап өтті.
«Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында "Заң және тәртіп" қағидатын қамтамасыз ету маңызды. Әрбір анықталған заң бұзушылыққа тиісті баға берілуі керек. Азаматтардың сапалы әрі қауіпсіз медициналық көмек алуға құқығы толық қорғалуы тиіс», – деді министр.
Ақмарал Әлназарова атап өткендей, бақылаудың мақсаты тек кемшіліктерді анықтау емес. Ең бастысы – олардың алдын алу, пайда болу себептерін жою және медициналық ұйымдардың жауапкершілігін арттыру.
Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің төрағасы Бауыржан Жүсіпов 2026 жылдың бірінші жартыжылдығындағы негізгі нәтижелерді таныстырып, бақылау жұмыстарын жетілдіруге, профилактикалық шараларды дамытуға және цифрлық шешімдерді кеңінен қолдануға басымдық берілгенін жеткізді.
Тексерулер анықталған кемшіліктерді жоюға мүмкіндік береді
2026 жылдың бірінші жартыжылдығында медициналық қызмет көрсету саласында 936 тексеру жүргізілді. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 21,7%-ға көп (2025 жылы – 769 тексеру).
Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналымы саласында 182 тексеру жүргізілді. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 56%-ға артқан (2025 жылы – 117 тексеру).
Тексеру нәтижесінде анықталған заң бұзушылықтар бойынша тиісті шаралар қабылданып, оларды жою жөнінде ұсынымдар берілді.
Ана өлім-жітімі жағдайларын зерделеу мақсатында 9 тексеру жүргізіліп, 28 денсаулық сақтау ұйымы қамтылды. Нәтижесінде 12 субъект әкімшілік жауапкершілікке тартылып, кемшіліктерді жою бойынша 18 ұсыным берілді.
Сонымен қатар медициналық қызметкерлердің кәсіптік жауапкершілігін сақтандыру жүйесі бойынша 511 өтініш қаралды. Оның ішінде 400 жағдай медициналық инцидент ретінде танылды. 90 жағдай бойынша жалпы сомасы 389 млн теңгеден астам сақтандыру төлемдері жүзеге асырылды.
«Біздің міндетіміз – тек заң бұзушылықтарды тіркеу емес. Ең маңыздысы – олардың себептерін анықтап, медициналық ұйымдарға кемшіліктерді жоюға көмектесу және осындай жағдайлардың қайталануына жол бермеу. Осы мақсатта профилактикалық бақылау мен цифрлық құралдарды белсенді түрде дамытып келеміз», – деді Бауыржан Жүсіпов.
Цифрлық жүйелер бұрмалаудың алдын алуға көмектеседі
Медициналық ұйымдардың жұмысын бақылау үшін СУР-2.0 жүйесіне 60 тәуекел индикаторы енгізілді.
Бұл жүйе медициналық ұйымдардың қызметін бірнеше бағыт бойынша бағалауға мүмкіндік береді. Атап айтқанда, рұқсат құжаттарының болуы, мамандардың біліктілігі, кадрлық қамтамасыз ету және медициналық көмекті ұйымдастыру талаптарының сақталуы тексеріледі.
2026 жылдың бірінші жартыжылдығында медициналық ұйымдарға бармай жүргізілген профилактикалық бақылаумен қамтылған ұйымдар саны 66-дан 250-ге дейін өсті.
Дәрілік заттармен қамтамасыз етуде бақылау күшейтілді
Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналымы саласында есепті кезеңде ұйымдарға бармай 716 профилактикалық іс-шара өткізілді.
Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 22 еседен астам жоғары көрсеткіш.
Бақылау қорытындысы бойынша 699 ұсыным беріліп, оның 452-сі орындалды.
«Тауарларды таңбалау және олардың қадағалану жүйесі» дәрілік заттарға қатысты бірқатар бұзушылықтарды анықтауға мүмкіндік береді.
Атап айтқанда, жүйе дәрілік заттарды айналымға қайта шығаруды, жарамдылық мерзімі өткен препараттарды өткізуді, ТМККК және МӘМС аясында сатып алынған дәрілік заттарды заңсыз өткізуді, сондай-ақ белгіленген шекті бағалардың сақталуын бақылауға мүмкіндік береді.
Нәтижеге бағытталған бақылау
Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің жұмысы тек заң бұзушылықтарды анықтауға емес, олардың алдын алуға бағытталған.
Тексеру жүйесін жетілдіру, цифрлық технологияларды енгізу және профилактикалық тәсілдерді күшейту арқылы медициналық көмектің сапасы мен қауіпсіздігін арттыру, сондай-ақ азаматтардың құқықтарын қорғау нәтиже береді.