Медициналық қызметтер жарнамасына жаңа талаптар енгізіледі

Медициналық қызметтер жарнамасына жаңа талаптар енгізіледі

Қазақстанда медициналық қызметтерді жарнамалау қағидаларын жетілдіруге бағытталған жаңа талаптар енгізілуде. Өзгерістердің басты мақсаты – азаматтардың денсаулығын қорғау, медициналық қызметтер туралы ақпараттың ашықтығын арттыру және тұтынушыларға сенімді ақпарат ұсыну.

Жаңа талаптарға сәйкес (https://legalacts.egov.kz/npa/view?id=15867785), әлеуметтік желілер мен онлайн-платформаларда жарияланатын коммерциялық материалдар міндетті түрде жарнама ретінде белгіленуі тиіс. Яғни, жарнама беруші мен блогер ақпараттың жарнамалық сипатқа ие екенін ашық көрсетуге міндетті.

Бұл талаптар Қазақстан Республикасының «Жарнама туралы» және «Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы» заңдарында көзделген нормаларды іске асыруға бағытталған. Нәтижесінде әлеуметтік желілердегі жасырын жарнаманың алдын алып, жарнама нарығының ашықтығын арттыру көзделіп отыр.

Сонымен қатар, медициналық қызметтердің кез келген жарнамасында міндетті түрде мынадай ақпарат көрсетілуі тиіс:

  • медициналық қызмет түріне берілген мемлекеттік лицензияның нөмірі мен берілген күні;
  • лицензия берген мемлекеттік органның атауы;
  • медициналық көрсетілімдер мен қарсы көрсетілімдер туралы ақпарат;
  • егер қызмет тек дәрігердің тағайындауымен көрсетілсе, бейінді маманның консультациясы қажет екендігі туралы ескерту.

Бұл ақпарат анық көрінетіндей және оңай оқылатындай форматта орналастырылуы қажет.

Аталған талаптар азаматтарға медициналық қызмет туралы толық әрі сенімді ақпарат алуға және өз бетінше емделудің ықтимал қауіптерінің алдын алуға мүмкіндік береді.

Қағидаларды бұзған жағдайда не болады?

Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті жаңа талаптардың негізгі мақсаты жазалау емес, медициналық ақпарат кеңістігінде заңдылық пен ашықтықты қамтамасыз ету екенін атап өтеді.

Сонымен бірге, жаңа талаптарды сақтау міндетті. Бұйрық жобасына сәйкес, қағидаларды бұзу Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 428-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғады.

Әрбір жағдай жеке қаралады, ал жауапкершілік шаралары қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес айқындалады.