
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті тіркелмеген дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың заңсыз айналымына қарсы жұмыстарды жалғастыруда. Негізгі мақсат – азаматтардың денсаулығын қорғау, дәрі-дәрмек нарығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
Бақылау еліміздің барлық өңірлерінде тұрақты түрде жүргізіледі. Тіркелмеген дәрілерді сақтау, сату және жарнамалау фактілерін анықтауға, сондай-ақ лицензиясыз дәрі-дәрмек сататын тұлғалардың қызметін тоқтатуға ерекше көңіл бөлінеді.
2026 жылдың басынан бері Комитеттің аумақтық бөлімшелері 56 әкімшілік хаттама толтырып, жалпы сомасы 23 млн теңге айыппұл салған.
Астана қаласында – 10, Алматыда – 15, Шымкентте – 11, Алматы облысында – 2, Атырау облысында – 4, Шығыс Қазақстан облысында – 1, Жамбыл облысында – 7, Маңғыстау облысында – 2, Түркістан облысында – 1, Абай облысында – 2 және Жетісу облысында – 1 бұзушылық жағдай анықталған.
Ең көп бұзушылық Алматы қаласында тіркелген. Мұнда жыл басынан бері 15 әкімшілік хаттама толтырылып, айыппұл салынған. Тексеру барысында тіркелмеген дәрілердің 17 атауы бойынша 49 қаптама анықталып, бір іс сотқа жіберілген.
Маңғыстау облысында азаматтардың шағымы негізінде Ақтау қаласында жоспардан тыс тексеру жүргізілді. Тексеру барысында дәрілерді лицензиясыз сату және оларды әлеуметтік желілерде жарнамалау фактілері анықталды. Нәтижесінде 16 түрлі тіркелмеген дәрінің 219 қаптамасы (жалпы құны 2,5 млн теңгеден астам) тәркіленді. Сот шешімімен айыппұл салынып, өнім жойылды және қызметі уақытша тоқтатылды.
Дәрі-дәрмек айналымын бақылаудың маңызды құралы – 2024 жылғы 1 шілдеден бастап енгізілген міндетті таңбалау және қадағалау жүйесі. Бұл жүйе арқылы әрбір дәрінің қозғалысын бақылауға болады. Соның арқасында нарыққа жалған немесе тіркелмеген дәрілердің түсу қаупі азаяды.
Жалпы алғанда, бақылау жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Мысалы, 2025 жылы 162 әкімшілік хаттама толтырылып, 77 млн теңге айыппұл салынған.
Министрлік азаматтарға дәрі-дәрмекті тек лицензиясы бар дәріханалардан сатып алуды және оның мемлекеттік тіркелуін міндетті түрде тексеруді ескертеді.
Тіркелмеген дәрілерді қолдану денсаулыққа қауіпті, себебі олардың сапасы мен қауіпсіздігі ресми түрде расталмаған.
Сонымен қатар интернет арқылы заңсыз дәрі сату фактілеріне де бақылау күшейтілген. 2025 жылы 20-дан астам заңсыз контент жойылды, ал 2026 жылы 128 интернет-ресурсқа шектеу қою жұмыстары басталды.
Комитет заңсыз және сапасыз дәрілерден қорғау, дәрі-дәрмек айналымының қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмысты жалғастыра береді.