
Бүгінде Қазақстанда денсаулық сақтау жүйесін жетілдіру жұмыстары жалғасуда. Оның басты мақсаты – әрбір азаматқа сапалы әрі қолжетімді медициналық көмек көрсету. Бұл қағидаттар еліміздің жаңартылған Конституциясында нақты көрініс тапқан.
Әрбір азамат міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі мәртебесіне қарамастан, мемлекет кепілдік берген медициналық көмекті алуға құқылы.
Денсаулыққа қатысты жалған ақпараттың таралуына жол бермеу де аса маңызды. Бүгінде интернет пен әлеуметтік желілерде тексерілмеген ақпарат пен түрлі емдеу тәсілдері жиі кездеседі. Сондықтан азаматтар ресми ақпарат көздеріне және медицина мамандарының ұсынымдарына ғана сүйенуі қажет.
Азаматтардың денсаулығын қорғау құқығын тиімді мемлекеттік қадағалаусыз толық қамтамасыз ету мүмкін емес. Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін, сондай-ақ дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналымын бақылайды. Бұл жұмыс пациенттердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және жүйеге деген сенімді нығайтуға бағытталған.
Конституциялық өзгерістер денсаулық сақтау жүйесін халыққа барынша жақындатып, медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға негіз болады. Ең бастысы – әрбір азаматтың денсаулығын сақтап, өмір сүру сапасын жақсарту.