Қазақстанда дәрілік заттардың бағасы мемлекеттік реттеу аясында төмендеуде

Қазақстанда дәрілік заттардың бағасы мемлекеттік реттеу аясында төмендеуде

Әлеуметтік желілерде дәрілік заттар бағасының жаппай өсуі туралы ақпарат таралуда. Аталған мәліметтер жүргізілген мониторингтің нақты деректеріне сәйкес келмейді.

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті 2025 жылы елімізде дәрілік заттардың бағасын мемлекеттік реттеудің жаңартылған тетігі іске асырылып жатқанын хабарлайды. Бұл тетік баға қалыптастырудың ашықтығын, объективтілігін және болжамдылығын арттыруға бағытталған.

Қазіргі уақытта 4994 сауда атауындағы дәрілік заттарға шекті бағалар бекітілген. Сонымен қатар, 1707 рецептісіз босатылатын препарат мемлекеттік реттеуден шығарылып, уәкілетті органдардың тұрақты мониторингі жағдайында нарықтық бағамен сатылуда.

Еліміздің 20 өңірінде жүргізілген мониторинг нәтижелері бойынша:

қыркүйек айында маусыммен салыстырғанда позициялардың 34%-ында баға төмендеген (орта есеппен 7,8%-ға);

қазан айында позициялардың 50%-ында бағаның төмендеуі тіркелген (орта есеппен 11,1%-ға).

Бағаның айтарлықтай төмендеуі келесі препараттар бойынша байқалды:

Гепар комп. Хеель — 41,2%-ға;   
Ревмоксикам® — 32,5%-ға;
Цефяпс — 31,6%-ға;   
ВАЛМАК-Н — 24,7%-ға;    
Зитмак® — 20,0%-ға.

Аталған дәрілік заттар сұранысқа ие және әртүрлі ауруларды емдеуде кеңінен қолданылады.

Комитет еліміздің барлық өңірлерінде дәрілік заттар бағасына жүйелі мониторинг жүргізуді жалғастыруда. Белгіленген шекті бағаларды асыра сату фактілері анықталған жағдайда Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 426-бабына сәйкес жауапкершілік көзделген.

Бағаны негізсіз көтеру немесе дәрілік заттарды өткізу кезінде заңбұзушылықтар туралы DariKZ мобильді қосымшасы арқылы, сондай-ақ Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің өңірлік департаменттеріне жүгіну арқылы хабарлауға болады. Барлық өтініштер заңнамада белгіленген тәртіппен қаралады.

Азаматтарды тек ресми ақпарат көздеріне және тексерілген деректерге сүйенуге шақырамыз.