Астанада Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) дәрілік заттар айналымы саласындағы ұлттық реттеуші жүйенің Бенчмаркингі жөніндегі миссиясы басталды. Іс-шараға Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі, Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті және Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығы қатысуда.
Жұмыс ДДСҰ-ның Глобалды бенчмаркинг құралы негізінде жүргізіліп, қазіргі уақытта 2-ші жетілу деңгейінде тұрған ұлттық реттеуші жүйенің жай-күйін бағалауға бағытталған.
Апта бойы халықаралық сарапшылар тобы реттеуші функцияларға кешенді баға береді. Атап айтқанда, тіркеу және сату рұқсаттарын беру үдерістерін, фармакологиялық қадағалауды, постмаркетингтік бақылауды, лицензиялауды, инспекцияны, зертханалық зерттеулерді жүргізуді, клиникалық зерттеулерді қадағалауды бағалауға ерекше назар аударылады.
Миссия қорытындысы бойынша институционалдық даму жоспары жаңартылып, Қазақстанның ұлттық реттеуші жүйесін одан әрі нығайтуға арналған жол картасы келісілетін болады.
Дәрілік заттарды сараптау ұлттық орталығы процестің негізгі қатысушысы ретінде миссияның сараптамалық қолдауын қамтамасыз етіп, ДДСҰ халықаралық сарапшыларымен өзара іс-қимылды үйлестіреді.
Еске сала кетейік, ДДСҰ-ның бенчмаркингі – Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы әзірлеген жүйелі әдіснама болып табылады. Ол ұлттық реттеуші органдардың әлеуетін бағалауға және оны арттыруға, соның ішінде дәрілік заттар, вакциналар мен медициналық бұйымдардың айналымын халықаралық стандарттарға сәйкес реттеу саласында қолдануға мүмкіндік береді.