Отандық өндірушілер үшін дәрілер мен медициналық бұйымдарға сараптама жүргізу құны 90% төмендетілді

Отандық өндірушілер үшін дәрілер мен медициналық бұйымдарға сараптама жүргізу құны 90% төмендетілді

«Мемлекеттік монополия субъектісі өндіретін және (немесе) өткізетін тауарларға (жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге) бағаларды бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушының 2021 жылғы 20 қаңтардағы №ҚР ДСМ-7 бұйрығына өзгерістер енгізілді.

Өзгерістерге сәйкес, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды мемлекеттік сараптау, қайта тіркеу, оның ішінде дәрілік заттардың тіркеу дерекнамасын ЕАЭО қағидаларымен сәйкестікке келтіру, дәрілер мен медициналық бұйымдардың тіркеу дерекнамасына өзгерістер енгізу, медициналық бұйымның биологиялық әсерін бағалау мақсатында мемлекеттік тіркеу кезінде техникалық сынақтар, зерттеулер жүргізу кезіндегі сараптама қызметтерінің құны көрсетілетін қызметтер құнынан 90% төмендетіледі.

Жеңілдетілген тариф 2025 жылғы 31 желтоқсанға дейін қолданыста болады.

Аталған шара қазақстандық өндірушілерге қолдау көрсетуге, сонымен қатар, дәрілік заттардың тіркеу дерекнамасын ЕАЭО қағидалары бойынша дер мезгілінде  сәйкестікке келтіруді қамтамасыз етуге бағытталған.

Бұйрық 2025 жылғы 10 шілдеде күшіне енді.

Құжаттың толық мәтіні мына сілтеме бойынша қолжетімді.