Қызылша ауруы бойынша эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру шаралары

Қызылша ауруы бойынша эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру шаралары

2023 жылғы 27 наурыздағы жағдай бойынша республика бойынша қызылшаға күдікпен 145 жағдай тіркелді, оның ішінде зертханалық расталған – 75 (14 жасқа дейінгі балалар арасында – 68, ересектер арасында – 7).

69%-да (52 жағдайда) вакцинацияланбаған балалар ауырып қалды, оның ішінде вакцинациядан бас тарту себебінен – 35, медициналық қарсы көрсетілімдер бойынша – 11, егу жасына жетпеу себебінен – 6, 12%-да (10 жағдайда) егу мәртебесі белгісіз адамдар ауырып қалды.

Бұл ретте, 11 жағдайда инфекция мына елдерден келгендерде тіркелді: Түркия – 5, Мысыр – 3, Тәжікстан – 2, Қырғызстан – 1.

2023 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша Қазақстан Республикасында барлығы 31 414 профилактикалық егуден бас тарту тіркелді, оның ішінде 2022 жылы 7 145 бас тарту тіркелді, олардың арасында жүргізіліп жатқан түсіндіру жұмыстарының арқасында 2 043 адам егілді.

Бас тартудың ең көп саны 1 жасқа дейінгі балаларға тиесілі – 21 052 (67%). 1-2 жас тобындағы балалар арасында – 5 034 бас тарту (16%), 3-5 жас – 2 993 (9,5%), 6-15 жас – 1 963 (6,2%), 16 жастан асқан – 372 (1,2%) тіркелді.

Қазіргі уақытта қызылшамен сырқаттанушылық бойынша эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру бойынша жұмыстар жалғасуда.

«Қазақстан Республикасында қызылша бойынша санитариялық-эпидемияға қарсы және санитариялық-профилактикалық іс-шараларды ұйымдастыру және өткізу туралы» Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2023 жылғы 14 наурыздағы №1 қаулысы шығарылды. Қызылша ауруының таралуын болдырмау үшін өңірлердің бас мемлекеттік санитариялық дәрігерлері де осындай шаралар қабылдады.

Өңірлердің денсаулық сақтау басқармалары және Комитеттің аумақтық департаменттері қызылша және науқастарға медициналық көмек көрсету сапасын қамтамасыз ету бойынша эпидемияға қарсы іс-шараларды іске асыруда.  

Инфекция ошақтарында қызылшаға қарсы егілмеген балаларды анықтауға және вакцинациялауға, сондай-ақ ошақтардағы эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша 30 жасқа дейінгі байланыстағы адамдарды иммундауға бағытталған эпидемияға қарсы іс-шаралар ұйымдастырылған.

«Жоспарлы профилактикалық екпелерді және ұжымдық иммунитеттің шекті деңгейін алмаған балаларды мектепке дейінгі ұйымдарға жіберу қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 20 желтоқсандағы № ҚР ДСМ-289/2020 бұйрығына сәйкес жоспарлы профилактикалық екпелермен топтағы балалардың жалпы санынан 90%-дан кем емес қамтудың шекті деңгейін ескере отырып, топтарды жинақтау кезінде мектепке дейінгі ұйымдарда жұмыс күшейтілді.  

Қызылшаға қарсы жоспарлы профилактикалық екпелермен қамтудың ай сайынғы мониторингі қамтамасыз етіледі. Коронавирустық инфекция пандемиясы кезінде вакцинацияны өткізіп алған адамдарды вакцинациялау жалғасуда.

Вакцинамен басқарылатын инфекциялардың клиникасы, оларды диагностикалау және емдеу, сондай-ақ қызылшаның алдын алу мәселелері бойынша медицина қызметкерлерін қайта даярлау жүргізілді (республика бойынша 105 семинар өткізілді, алғашқы медициналық-санитариялық көмектің 2879 медицина қызметкері және стационарлардың 913 медицина қызметкері дайындалды).

Инфекциялық аурулардың, оның ішінде қызылшаның алдын алу бойынша халықпен ақпараттық-түсіндіру жұмыстары тұрақты негізде жүргізіледі. Қызылшамен сырқаттанушылықтың өсу кезеңінің басынан бастап (2023 жылғы ақпаннан бастап) бұл жұмыс күшейтілді.