Менингококк инфекциясы

Менингококк инфекциясы

Ауа-тамшылы жолмен берілетін жұқпалы аурулар қатарына жататын қауіпті инфекцияның бірі – менингококк инфекциясы.

Қыс және ерте көктемде менингококк инфекциясымен сырқаттанушылық анағұрлым жоғары болады.

Ауру қоздырғыш бактериялар инфекция көзі болып табылатын ауру адамдар мен сау тасымалдаушылардан, яғни ауру белгілері  жоқ, бірақ олар менингококк ауруының бактерияларын тасымалдаушылары болып табылатын адамдардан жөтелгенде, түшкіргенде, сөйлескенде сыртқы ортаға бөлініп басқа адамдарға жұғады.

Бактериялар мұрын-жұтқыншақтың шырышты қабатына еніп адам назофарингитпен ауырады. Егер адамның қорғаныс қабілеті жақсы болса, ауру әрі қарай тарамай осымен аяқталады. Ал, егер адамның иммунитеті төмен болса, бактериялар мұрын-жұтқыншақтың  лимфа тамырлары арқылы қанға  өтіп, әрі қарай ми қабаттарын зақымдайды.

Аурудың жасырын кезеңі орташа есеппен 2-4 күн. Ауру кенеттен басталады,  адамның басы ауырып, қызуы 39-40°С дейін көтеріліп, әлсіздік, құсу, денесінде жұлдызша секілді бөртпелер пайда болып, денесінде және аяқ-қолдарында ауырсыну болады. Менингокок инфекциясы адамды өлімге алып келетін әртүрлі асқынуларымен қауіпті.

2022 жылы Маңғыстау облысында менингококк инфекциясы тіркелген жоқ. Ағымдағы жылда аурудың 2 жағдайы тіркеліп (қаңдарда – 1 жағ., наурызда – 1 жағ.), біреуі өліммен  аяқталды.   

Аурудың алдын алуда салқын тигізбей және  маусымға сәйкес киініп, адамдар көп жиналатын орындарға, сауда-ойын сауық кешендеріне мейілінше бармауға тырысып, бетперде тағу қажет, тек қайнаған немесе бөтелкедегі таза суды ішіп, қажетті жеке бас гигиенасын сақтап, спортпен тұрақты шұғылданып, иммунитетті нығайту маңызды.