Қызамықтың алдын алу

Қызамықтың алдын алу

Қызамық – тек адамға әсер ететін антропонозды жіті респираторлық вирустық ауру.

2021-2022 жылдары республика бойынша қызамықпен сырқаттанудың бірде бір жағдайы тіркелген жоқ.

Аурудың инфекция көзі – қызамықтың клиникалық айқын немесе жойылған түрі бар науқас адам. Инфекция ауа тамшылары арқылы (науқаспен сөйлескен кезде, түшкіргенде, жөтелгенде, айқайлағанда, қатты дем шығарғанда, сүйіскенде) және тікелей (анадан ұрыққа) беріледі. Қызамықпен ауыратын науқас бөртпе пайда болғанға дейін 7 күн және пайда болғаннан кейін 7 күн ішінде басқаларға анағұрлым жұқпалы болып саналады.

Қызамықтың асқынуы ересек науқастарда мынадай түрде кездеседі: буындардың зақымдануымен (артралгия, артрит) байқалуы мүмкін, сондай-ақ аурудың асқынуынан энцефалит дамуы мүмкін. Қызамық жүкті әйелдер үшін қауіпті. Жүкті әйел қызамықты жұқтырған кезде вирус анадан ұрыққа плацента арқылы беріледі, бұл ұрықта көптеген туа біткен ақаулардың дамуына және жүкті әйелдерде түсік, өлі туылу сияқты асқынуларға әкеледі. Балада көру, есту органдарының, жүректің, бауырдың, сүйектердің құрсақішілік зақымдануы байқалады. Осының салдарынан бала соқыр, саңырау болып, жүрек ақауларымен, ақыл-ой дамуының кешеуілдеуімен туылады.   

Қызамық қалай көрінеді? Қызамық ЖРВИ-ге тән болмашы белгілермен жүреді, ал 30-50%-да ол клиникалық көріністерсіз жүреді. Бөртпе алдымен бет терісінде пайда болады, кейіннен бүкіл денені қамтиды. Қызамық бөртпесі қызылша сияқты анық емес. Кейде бөртпе элементтерінің аймағында аздап қышу байқалады. Оған желкедегі лимфа түйіндерінің ісінуі тән. 

Естеріңізге сала кетейік, қызылша мен қызамықтың алдын алудың ең тиімді шарасы 1 жасында вакцинация және 6 жасында ревакцинация жүргізу болып табылады. Вакцинация және ревакцинация Ұлттық екпелер күнтізбесіне сәйкес балалардың декреттелген жастары арасында жүргізіледі, бұл вакцинациядан кейінгі иммунитетті қалыптастыруға мүмкіндік береді және екпе алған адамдарда өмір бойы болады. Қызылша мен қызамыққа қарсы вакцинаның әрбір алынған дозасы баланың иммунитетін нығайтады.

Вакцинация жүргізу үшін ДДҰ сертификаттаған және Қазақстан Республикасында тіркелген қызылшаға, қызамыққа, эпидемиялық паротитке қарсы аралас вакцина қолданылады. Вакцинация тұрғылықты жері бойынша қалалық емханалардың барлық егу кабинеттерінде тегін жүргізіледі.

Есіңізде болсын, ауруды емдеуден гөрі алдын алу оңай!