Бүгінде кез-келген өнімді, соның ішінде дайын тағамды интернет арқылы сатып алуға болады, бұл ретте өндірушілер әрдайым заңды түрде жұмыс істей бермейді. Алайда, улану қаупіне қарамастан, үй шаруасындағы әйелдер уақыттарын үнемдеп, тіпті интернет арқылы салаттарға тапсырыс береді.
Үйде жасалған салаттардың белгіленбеген жерлерде сатылуы эпидемиологтардың алаңдаушылығын тудырып отыр. Сатушылар өз қызметіне рұқсат құжаттарын алмай заңсыз жұмыс істейді, сондықтан өнімдері қауіпсіздігі мен сапасын куәландыратын құжаттарсыз сатылады. Белгісіз жерлерде саудаланатын кез-келген салаттарды сатып алу қауіпті. Мұның не, қалай және кімнің жасағаны, сондай-ақ санитариялық нормалардың сақталған-сақталмағаны белгісіз.
Салаттарға дәмдеуіштер қосады – өйткені олар кез-келген өнімнің дәмін жақсарта алады. Бірақ дәмдеуіштердің ағзаға тигізер кері әсері де бар. Олардың құрамында тағамдық қоспалар мен бояғыштар болады, оларды пайдаланудың салдары өте жағымсыз болуы мүмкін. Мысалы, олардың көпшілігінде глутамин қышқылы бар, ол аллергиялық реакция тудырады. Әр түрлі қоспаларды қолдану бас ауруына, жүйке қозуына, көру өткірлігінің төмендеуіне, диареяға, астма ұстамаларына, ал үнемі теріс пайдалану кезінде – тіпті семіздік пен онкологияға себеп болады.
Өнімдерді таңдағанда, көкөністерге өзіңіз баға беріңіз: сусыздандырылған көкөністер өңсіз түс береді. Күмән тудыратын өнімдерді иіскеңіз. Қышқыл иіс – төмен сапаны білдіреді. Дұрыс дайындалған салатта дәмдеуіштердің емес, көкөністердің хош иісі бірден сезіледі. Сәбіз мен картопқа ерекше назар аударыңыз. Олар бөлінгіш пе? Яғни, ескірген көкөністер қолданылды деген сөз немесе салатты пісірілгеннен кейін қыздырған. Температуралық қосымша өңдеу салаттың пайдалану мерзімін ұзартады, бірақ оның құрамындағы құнды дәрумендері жоғалады. Табиғи салат жегенде қытырлағыш келеді.
Өнімді таңдағаннан кейін сатушыдан осы өнім туралы, яғни өндіруші, өнімнің құрамы, шығарылған күні мен жарамдылық мерзімі, сондай-ақ сақтау шарттары туралы ақпарат сұраңыз. Сатып алушының талабы бойынша сатушы өнімнің сапасы мен қауіпсіздігін растайтын құжатпен (сәйкестік жөнінде декларация) таныстыруға міндетті.
Қауіпсіз тамақ өнімдеріне санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің тұрақты бақылауында болатын өнімдерді жатқызуға болады. Мәселен, ағымдағы жылы мониторинг шеңберінде Павлодар облысында өнімнің сапасы мен қауіпсіздігінің сәйкестігіне тұрақты түрде тексерулер жүргізілді. 1892 сынама алынды, оның ішінде сәйкес келмейтін өнім – 174, яғни 9,1% құрады. Анықталған барлық сәйкессіздіктер бойынша кәсіпкерлік субъектілеріне бұзушылықтарды жою туралы 103 ұйғарым берілді. Жалпы сомасы 458438 теңгеге 641,82 кг өнім алынды. Бұзушыларға 183 780 теңге сомасына айыппұл түрінде әкімшілік жазалау шаралары қолданылды.
Естеріңізде болсын, күмәнді жағдайларда дайындалған өнім сіздің денсаулығыңызға зор нұқсан келтіруі мүмкін. Мерекелік үстел мәзірін әзірлегенде, өзіңізге ұнайтын тағамға немесе өнімдерге тек сенімді өндірушілерге немесе сатушыларға тапсырыс беріңіз.
(Фото ашық дереккөздерден алынды)