А вирустық гепатиті және оның алдын алу

А вирустық гепатиті және оның алдын алу

А вирустық гепатиті  (Боткин ауруы, сарғаю) – А гепатиті вирусынан туындаған бауырдың жедел вирусты ауруы. 

Инфекцияның көзі - ауру адам. Науқастан вирус нәжіспен бөлінеді. А гепатитінің вирусы физикалық және химиялық факторларға төзімді, сондықтан вирус ұзақ уақыт сыртқы ортада сақталады.

Берілу механизмі - фекальді-оральді, су, тағам, тұрмыстық-қатынас жолдары арқылы жүзеге асады. Инфекция ластанған тамақ пен суды тұтыну арқылы немесе жұқтырған адаммен тікелей қатынаста болғанда жұғады.

Ауру көбіне қатерсіз ағымда сарғаюмен немесе сарғаюсыз өтеді. Клиникалық белгілері интоксикация синдромы түрінде, тұмаутәріздес көріністермен, ішек-қарын бұзылыстарымен, тері жабындыларының және аққабықтың сарғаюымен сипатталады.

А гепатитінің инкубациялық кезеңі 7 күннен 50 күнге дейін  (орташа 35 күн) созылады. А гепатитімен барлық жастағы адамдар ауырады, бірақ көбінесе егілмеген балалар, оқушылар. Ауруға айқын күзгі-қыстық маусымдылық тән.

Ағымдағы жылдың 10 айында Алматы қаласы бойынша вирустық гепатит А сырқаттанушылығының 50 жағдайы тіркелді (2021 жылдың 10 айында - 28 жағдай тіркелген), 2021 жылдың ұқсас кезеңіндегі 1,38  құраған көрсеткішіне қарағанда, 100 мың тұрғынға шаққанда сырқаттанушылық көрсеткіші – 2,34 құрады, 14 жасқа дейінгі балалар арасында 8 - жағдай, сырқаттанушылық көрсеткіші-1,4. Өткен жылмен салыстырғанда А вирустық гепатиттерімен сырқаттанушылықтың 1,7 есеге өскен. Ересектер арасында аурудың өсуі байқалады.

Алматы қаласының эпидемиологтары А вирустық гепатиті инфекциясын ең нәтижелі алдын-алу әдісі вакцинация болып табылатынын еске салады. А гепатитіне қарсы вакцинация мекенжай бойынша емханаларда 2 жастағы және эпидемиологиялық көрсеткіш бойынша қарым-қатынаста болған  14 жасқа дейінгі балаларға тегін жүргізіледі.

Сонымен қатар, А вирустық гепатитін алдын алудың қарапайым шараларын сақтау ұсынылады:

- жеке бас гигиена ережелерін қатаң түрде орындау, тамақтанар алдында және дәретханадан кейін, жұмыстан, қыдырудан келгенде қолды сабынмен жуу;

- ішуге тек қайнатылған немесе бөтелдегі суды қолдану;

- көкөністерді, жидектерді, жемістерді, көк шөптерді ағынды судың астында жуу, қайнаған сумен шаю;

- шомылғанда су жұтып қоюдан сақ болу;

- ыдыстарды, адамдар болатын үй-жайларды тазалықта ұстау;

- науқас балаларды балабақщаға және мектепке апармау.

Аурудың алғашқы белгілері болған кезде медициналық көмекке жүгіну керек.

Ауруды емдегенше, алдын алған жөн!

(фото ашық дереккөздерден алынды)