Жемістер мен көкөністерді қалай өңдеуге болады? Елордалық санэпидқызмет ұсынады

Жемістер мен көкөністерді қалай өңдеуге болады? Елордалық санэпидқызмет ұсынады

             Жаз маусымы адам ағзасы үшін пайдалы микроэлементтер, дәрумендер мен талшықтардың көзі болып табылатын көкөніс пен жеміс-жидекке бай мезгіл. Алайда олар тағамдық уланудың, жіті ішек инфекцияларының және ағзаның гельминтоздармен зақымдануының себебі болуы мүмкін. Сондай-ақ, өсімдіктерді өсіру кезінде пестицидтермен, инсектицидтермен және басқа да химиялық тыңайтқыштармен құнарландырылатынын, ал ұзақ уақыт сақталуы және әдемі көрінуі үшін жемістер мен көкөністер консерванттармен, парафинмен және балауызбен өңделетінін, олар сумен жуылмайтынын есте ұстаған жөн.

             Теріс салдарды болдырмас үшін және "молшылық" маусымынан ләззат алу үшін жеке гигиена қағидаларын ұмытпау, көкөністер мен жемістерді мұқият жуып, азық-түліктің шарттары мен сақтау мерзімдеріне көңіл аудару қажет.

             Көкөністерді, жемістер мен жидектерді өңдеу кезінде тұрмыстық ыдыс жуғыш заттарды немесе сабынды қолданудан бас тарту қажет. Өңдеу барысында таза суды, тұзды, сірке суын, ас содасын, қайнаған суды қолданған жөн.

             Жемістерді, көкөністер мен жидектерді өңдеуде бірнеше мысалдар келтіріп өтсек.

             Мәселен, жасыл желектерде алдымен тамырын кесіп, сұрыптап, сарғайған және зақымдалған жапырақтарды алып тастау керек. Содан кейін суды уақтылы ауыстыра отырып, 10-15 минут жібіткен жөн. Осылайша, топырақтың қалдықтары, кір суланып, түбіне батады, сонымен қатар сулану нитраттарды кетірудің жақсы әдісі болып табылады. Көкөністерді таза контейнерге немесе дуршлагқа салып, ағынды сумен жақсылап шайыңыз. Егер көкөністер сіздің бақшаңызда өспеген болса, оны тұздың немесе сірке суының ерітіндісінде, 1 литр суға 1 ас қасық тұз немесе сірке суының пропорциясында ұстауға болады.

              Құлпынай, таңқурай, қарақат және басқа да жидектерді жуу үшін жидектерді бір қабат қылып дуршлагқа салып, бірнеше минут ағынды сумен шаю ұсынылады. Содан кейін жидектерді кезекпен ыстық және суық сумен жууға болады.

             Тегіс қабығы бар көкөністерді (қияр, қызанақ, бұрыш) тұздалған салқын суға салып алған жөн. Кейін қарапайым тәсілмен жууға болады (жұмсақ губканы қолдануға болады).

             Тамыр жемістілерді (картоп пен сәбіз) жылы суға салып, қалдық кірді щеткамен кетірген дұрыс.

             Цитрустық жемістерде балауызды кетіру үшін қайнаған сумен жуып, содан кейін ағынды сумен шайып алған жөн. Жұқа қабығы бар жемістерден (алма, шабдалы) балауызды кетіру үшін бірнеше минут суық суға салған жөн. Содан соң жемісті сумен және содамен сүртіңіз.

             Қауын мен қарбызды щеткамен ұзақ уақыт жуу қажет.

             Нұр-Сұлтан қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті тұрғындарға стихиялық сауда орындарында көкөністер, жемістер мен көк шөптерді сатып алмауды, сатып алу кезінде сыртқы түріне назар аударуды және оларды өңдеу бойынша ұсынымдарды мұқият ескеруді ұсынады!