Жаз-шомылатын уақыт келді: санитариялық дәрігерлерден жағажайлар туралы ақпарат

Жаз-шомылатын уақыт келді: санитариялық дәрігерлерден жағажайлар туралы ақпарат

              Жылдың ең сүйікті, көптен күткен уақыты - жаз мезгілі келді. Күн, таза ауа және су - оның ажырамас бөлігі болып табылады. Шомылу, бұл - ең жанға жайлы рахаттану мен оған қоса берілетін бонустардың бірі. Демалыс орындары, дәлірек айтқанда жағажайлар жоғары эпидемиологиялық маңызы бар  және ерекше тексерілетін объектілерге жатады. Суға шомылу маусымының басталуына байланысты бүкіл Республика бойынша санитариялық дәрігерлер қалалықтардың денсаулық қауіпсіздігін қамтамасыз етуде.

              Комитеттің аумақтық бөлімшелерінің бақылауында шомылуды, жағажайларды және демалыс базаларын ұйымдастыратын 726 демалыс орны бар. Шомылу маусымы басталғаннан бастап ол аяқталғанға дейін су сапасына санитариялық-эпидемиологиялық мониторинг жүргізіледі. Ұйымдастырылмаған (өздігінен) суға шомылу орындарын бақылау Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексінде айқындалған тәртіппен жүзеге асырылады.

             Жағажайлардағы судың сапасы, судың қасиеті мен  құрамына қойылатын гигиеналық талаптарды көздейтін Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 16 наурыздағы № 209 бұйрығымен бекітілген «Су көздеріне, шаруашылық-ауыз су алу орындарына, шаруашылық-ауыз сумен жабдықтауға және мәдени-тұрмыстық суды пайдалану орындарына және су объектілерінің қауіпсіздігіне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» Санитариялық қағидалары шеңберінде бақыланады.

Судың сәйкес келмейтін көрсеткіштері: Ақмола, ШҚО, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Түркістан облыстарында және Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында анықталған, бұл судың ластанғанын айғақтайды.

             Алматы қаласындағы Үлкен Алматы өзенінде сирек кездесетін Salmonella тобы табылды. Сондықтан жергілікті тұрғындарды санитариялық дәрігерлер белгілемеген жерлерде суға түсуден аулақ болуға шақырамыз.

             Су айдындарындағы су сапасының нашарлауының негізгі себептері тұрмыстық қалдықтармен ластауы, иттерді шомылдыру, автомобильдерді жуу, қоғамдық тамақтану объектілері мен демалыс базаларының сарқынды суларды шығаруы, малды ұстау және малды суару болып табылады. Бұл табиғатқа ұқыпты қарауды әр адам өзінен бастау керектігін көрсетеді, сонда ғана су да, жер де таза болады!

             Комитеттің аумақтық бөлімшелері демалыс орындарын күтіп ұстау, су пайдалану орындарындағы су сапасының нашарлауы бойынша анықталған бұзушылықтар туралы ақпаратты жергілікті атқарушы органдарға, ТЖ басқармаларына ашық су айдындарындағы су сапасын жақсарту, анықталған бұзушылықтарды жою, халықтың шомылуына тыйым салуды белгілеу жөнінде басқарушылық шешімдер қабылдау үшін жібереді; демалыс базалары бойынша - әкімшілік жазалау шаралары қабылданады және ұйғарымдар шығарылады.

            Бүгінгі күні бүкіл Республика бойынша жағажайларды ұйымдастыру орындарында су сынамаларын алу бойынша жұмыстар жүргізілуде, өтініш берушілердің өтініштері бойынша санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды беру жүзеге асырылуда. Сондай-ақ, жергілікті атқарушы органдармен және ТЖ бірлесіп, жұқпалы аурулардың алдын алу мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.

            Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті алдағы жазғы маусымда жақсы демалуды тілейді, сонымен қатар шомылуға және белгіленген жерлерде демалуға шақырады. Өз денсаулығыңыз бен жақындарыңыздың денсаулығын қорғаңыз!