Түркістан облысында жасөспірім құтырма дертінен көз жұмды

Түркістан облысында жасөспірім құтырма дертінен  көз жұмды

               Түркістан облысында ит тістегеннен кейін бір жылдан соң 14 жасар жасөспірім қайтыс болды. Өлімнің болжамды себебі-құтырма ауруы. Оқушыны құтқаруға болатын еді, дегенмен... Енді барлығын егжей-тегжейлі баяндасақ.

              Ата-анасының айтуынша, ит өткен жылдың мамыр айында ұлына шабуыл жасап, аяғын тістеп алған. Бірақ медициналық көмекке жүгінбей, өздері үйде емдеумен айналысқан. Тек бір жылға жуық уақыт өткен соң, 7 сәуірде жасөспірімде келесідей клиникалық белгілер пайда болған: қорқыныш, үрей, дене температурасының жоғарылауы, сүйектер мен жарақат алған жердің ауырсыну, су ішу кезінде ауаның жетіспеушілігі және жалпы әлсіздік. Келесі күні олар тұрғылықты жері бойынша емханаға жүгінген, дәрігерлер оған сүйек ауруына қарсы емдеу тағайындаған.

           Оған қарамастан баланың жағдайы нашарлай берген. Бала бел тұсындағы ауруларға шағымдана бастайды. Баласына ем-дом іздеген ата-ана жеке клиникаларға ғана емес, дәстүрлі емес медицина өкілдеріне де жүгіне бастаған.

           УДЗ өткеннен кейін жасөспірімде бүйректегі қабыну анықталып, соған сәйкес ем алған. Бірақ баланың жағдайы беті қарамаған: балада ентігу, гидрофобия, аэрофобия пайда болған.

           Жағдайы күрт нашарлаған баланы
10 сәуірде жедел жәрдем көлігімен аудандық ауруханаға апарып, жұқпалы аурулар бөлімінде оған құтырма диагнозы қойылды. Сол күннен бастап барлық отбасы мүшелері медициналық бақылауға алынды.
Алайда сегізінші сынып оқушысын аман алып қалу мүмкін болмады. Ол келесі күні – 11 сәуірде көз жұмды.

            Адамдарда инфекцияның (құтырма) инкубациялық кезеңі 12-ден 100 күнге дейін, өте сирек 1 жылға дейін созылады. Сондықтан төрт аяқты жануар тістегеннен кейін елеусіз жарақаттың өзі бірден пайда болмауы мүмкін.

Бұл қандай ауру? Қалай алдын алуға болады?

           Құтырма-адамдар мен жануарларға ортақ жіті вирустық инфекциялық ауру. Оның емі жоқ, қауіптілігі де осында. Егер уақытылы ем-шара қолданбаса әдетте өліммен аяқталады. Құтырманың қоздырғышы адам миын зақымдайтын ауру жануардың сілекейінде болатын вирус болып табылады.

           Бұл аса қауіпті індет ауру жануар тістеген, теріні зақымдаған (жаралар, жарақаттар), сілекейлеген кезде, сондай-ақ сілекеймен ластанған заттарға жанасқанда жұғады. Вирус адамнан адамға берілмейді.

          Үй жануарлары арасында әдетте ит пен мысық ауру көзі боп табылады.
Инкубация кезеңінің соңында көп жағдайда адамдар үшін аса қауіпті болатын да иттер.

          Аурудың үш кезеңі туралы не білу керек?
Бұл аурудың үш кезеңі бар: алғашқы белгілері пайда болатын сипаттамалық, қозу және параличтік.

         Бірінші кезеңнің ұзақтығы 2-ден жеті күнге дейін созылады. Тістеу аймағындағы тыртық қызара бастайды, жарақат орны адамды мазалай бастайды, адамда алаңдаушылық, үрей сезімі пайда болады, терең депрессияға түседі, ұйқысы бұзылады.

         Екінші кезеңде адам судан, таза ауадан, дыбыстардан, жарықтан – қоршаған ортадан қорқа бастайды. Ашу-ыза кернеп, көп көлемде сілекей бөлінеді. Науқастың оны жұтуға шамасы жетпей, қиналады.

         Үшінші кезең-паралитикалық, ауру ұстамалары тоқтаған кезде науқастың жағдайы жақсарғандай болады. Дегенмен жүрек сал ауруы немесе тыныс алудың тоқтап қалуынан өлім жағдайлары кенеттен болады.

         ​Ауру жұқтырған адам асқынған ауыр жағдайда болады. Бұл дерттің алдын алу үшін дер кезінде медициналық көмекке жүгіну аса маңызды. Өйткені, ауруға жол бермеудің жолы бар және бұл құтыру ауруына қарсы вакцинация. Екпені жарақат алған сәттен бастап 24 сағаттан кешіктірмей алу керек!

         Қайғылы жағдайға тап болмас үшін алдын алудың бұл әдісін әр азамат білуі тиіс.