Биологиялық қауіпсіздіктің кешенді шешімі

Биологиялық қауіпсіздіктің кешенді шешімі

                ҚР ДСМ санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті "Қазақстан Республикасының биологиялық қауіпсіздігі туралы" заң жобасын және биологиялық қатерлерді ерте анықтау мен алдын алуға бағытталған ілеспе заң жобасын әзірледі.

               Заң жобаларының ережелері жан-жақты қаралды, мүдделі 20 мемлекеттік және 17 жергілікті атқарушы органдармен талқыланып, келісілді. Қоғамдық талқылау барысында 1 700-ден астам түсініктеме алынды, олардың әрқайсысы назарға алынды. Ілеспе заң жобасы 3 Кодекс пен 10 заңды қоса алғанда, 13 заңнамалық актіге өзгерістер енгізуді көздейді.

                Тұтастай алғанда, заң жобалары биологиялық қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік басқаруды, мемлекеттік бақылау мен қадағалауды, микроорганизмдер коллекциясын сақтау процестерін ұйымдастыруды, сондай-ақ патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істейтін персоналдың құқықтық мәртебесі мен әлеуметтік қорғалуын регламенттейді.

                 Биологиялық қауіпсіздік саласындағы талаптардың орындалу деңгейін арттыру мақсатында ілеспе заң жобасында қауіпті патогендерді заңсыз қолданғаны, өткізгені және жымқырғаны үшін, сондай-ақ ауыр зардаптарға әкеп соққан, олармен жұмыс істеу қағидаларын бұзғаны үшін қылмыстық жауапкершілікке дейін күшейту көзделеді.

                 Қазақстан аумағында оба, сібір жарасы, туляремия, конго-қырым геморрагиялық қызбасы сияқты аса қауіпті аурулардың ошақтары орналасқан, олар тұрғындар мен жануарлар арасында тұрақты бақылау мен алдын алуды талап етеді.

                 Қазақстанда жақын және алыс шетелдермен туризм, экономикалық және іскерлік халықаралық өзара байланыс қарқынды дамуда, осыған байланысты жаңа және экзотикалық инфекциялардың әкеліну қаупі бар.