Павлодар облысындағы азық-түлік өнімдерінің қауіпсіздігі туралы

Павлодар облысындағы азық-түлік өнімдерінің қауіпсіздігі туралы

     Павлодар облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті және оның аумақтық бөлімшелері 2021 жылдың бірінші жартыжылдығында тамақ өнімдерінің қауіпсіздігіне бақылау жүргізді.

Ерекше тәртіп бойынша бақылау жүргізу аясында тамақ өндірісінің 18 объектісінде тексерулер өтті. Олардың қатарында, ұн тарту, балық өңдеу,  3 ет өңдеу, 2 құс етін өңдеу, 2 кондитерлік цех, 2  сүт өңдеу өндірісі, 5 наубайхана, қарақұмық  зауыты, тазартылған және тазартылмаған май өндіретін зауыт, сондай-ақ 20-дан астам қоғамдық тамақтану орындары мен тамақ өнімдерінің 20 көтерме сауда қоймасы бар.

Жүргізілген тексеру нәтижесінде талап бұзушылықтарды жою бойынша 51 ұйғарым беріліп, жалпы сомасы 2 231 505 теңгеге әкімшілік айыппұл салынды.

2021 жылдың 1 жартыжылдығында өнім қауіпсіздігін мониторингтеу жұмыстары аясында  1654 өнім тексеріліп, оның 243-і талапқа сай келмеген.  (тексерілген өнімдердің - 14.69%-ы). Оның ішінде таңбалау бойынша талап бұзушылықтар – 230 (мемлекеттік тілде ақпараттың,  өндірушінің атауы, шығарылған мерзімінің  болмауы); микробиологиялық көрсеткіштер бойынша – 12 (олар колиформалар, ашытқы мөлшерінің асып кетуі, КМАФАнМ); физикалық-химиялық, уытты-гигиеналық және өзге де көрсеткіштер бойынша - 3 тауар аталымы талапқа сай келмеген.  

Санитариялық-эпидемиологиялық талапқа сай келмеген азық-түлік қатарында -  балық өнімдері (29,4%), аспаздық өнімдер (33,3%), ББҚ (31,8%), балалар ойыншықтары (49.5 %), полимерлік, синтетикалық материалдар (42,8%), адамның терісімен жанасатын бұйымдарға арналған материалдар, киім, аяқ киім (40,1%) лак-бояу өнімдері (33,3%), жеке қорғаныш құралдары (77,7%), тамақ өнімдерімен жанасатын материалдар мен бұйымдар (41,9%) анықталды.

Облыстың ішкі нарығын талдау кезінде барлық сәйкес келмейтін өнімнің ең көп үлесі импорттық өнімдер екені анықталды - 97,1%  (236 сынама), отандық өндірушілердің өніміндегі сәйкессіздік - 2,8%- ды   құраған (7 сынама).

Биылғы жылдың маусым айында сала мамандары арнайы акция аясында  тұтынушының қалауы бойынша жемістер мен көкөністер, бақша өнімдеріне жедел зерттеулер жүргізді. Жалпы  жеміс-көкөніс және бақша өнімдерінің 717 сынамасы зерттеліп, 29 сынамада нитраттардың шекті мөлшерден артық екені анықталды. Тексерілген қарбыз, қауын, өрік, нектарин, пияз тәрізді өнімдердің құрамы талапқа сай келмеген. Аталған өнімдер Шымкент пен Қарағанды қалаларынан жеткізілген. Анықталған фактілер бойынша Қарағанды облысы мен Шымкент қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменттеріне хат жолданды.

Қазір жемістер мен көкөністердің және бақша өнімдерінің табиғи пісіп-жетілу уақыты, сондықтан тамыз айында саудаланған өнімдер денсаулыққа зиян келтірмейді.