Жаз – жидектер мен жемістерді барынша көп жейтін мезгіл. Бақша жемістері қаншалықты қауіпсіз?
Шет елдерден импортталатын, сондай-ақ Қазақстан аумағында өсірілген барлық жеміс-жидектер отандық нарықта саудалануы үшін тауардың ілеспе құжаттары және оның қауіпсіздігін растайтын құжаттармен (өнімнің сәйкестігі туралы декларация) қоса жүруі тиіс. Құжатта өнім өсірілген ел, теріп алынған уақыты туралы ақпарат және басқа да деректер көрсетілуі тиіс. Тауарды декларациялау үшін өтініш беруші аккредиттелген тәуелсіз зертханаларда сараптама жүргізіп, өнімнің қауіпсіздігін растауы шарт. Өнімнің тиісті талаптарға сәйкестігі туралы декларацияларды Еуразиялық экономикалық комиссиясының ресми порталынан portal.eaeunion.org табуға болады.
Жеміс-жидек өнімдерін сататын ең сенімді орындардың бірі – көтерме-бөлшек сауда кешендері. Мұнда тауарға зертханалармен бірлесіп бақылау жүргізіледі. Осылайша, пестицидтердің мөлшеріне талдау жүргізіледі. Дәл осы жерден тауарға ілеспе құжаттар және декларациямен қамтамасыз етілген көкөністер, жемістер мен жидектер қаланың сауда нүктелеріне тарайды.
Жемістер мен көкөністерді пестицидтер мен нитраттардың қалдық құрамына зерттеуді облыстың аккредиттелген зертханаларында (ақылы негізде) талдауға, әрі оның қорытындысы бойынша сатушыларға талап қоюға немесе сот тәртібімен арыздануға болады.
Ерте піскен қарбыздар туралы
Биыл маусым айында базарларда қарбыз пайда болды. Мұның бәрі қауын-қарбызды өсіру әдісі мен жағдайларына, соның ішінде күтіміне байланысты. Көктеп шыққан қарбызға кейін пісіп-жетілу үшін 100 күн уақыт қажет.
Тамыздың ортасы қарбыздың табиғи жолмен жетіліп пісетін шағы болып саналады. Қазір сатылымда Түркістан облысы мен Өзбекстаннан келген қарбыздар бар. Өзбекстандық бағбандар бір жылда 3 рет өнім алады: біріншісі – ерте көктемде бүркеме жылыжай арқылы өсіріледі, кейін дайын көшеттерді егіп, тез жетілген қарбызды саудалайды, ал үшінші өнім – құрғақ өсіру тәсілімен пісіп-жетіледі. Олар табиғи тазалығымен ерекшеленеді. Өсіру кезінде су неғұрлым аз пайдаланылса, жеміс соғұрлым тәтті болады. Сондықтан құрғақ тәсілмен өсірілген қарбыз ең тәттісі, бірақ олар шілде айының соңы мен тамыздың басында піседі.