Жүктілік кезіндегі дұрыс тамақтанудың маңызы

Жүктілік кезіндегі дұрыс тамақтанудың маңызы

Жүктілік –  әйелдің өміріндегі ерекше кезең. Бұл ауру емес, тек  табиғи,  эмоционалдық өзгерістермен қолайсыздықтарды тудыратын уақыт. Бірақ, қобалжымаңыз, бала туылғанан кейін бұл қолайсыздықтар бірден жоғалады. Жүктілікке байланысты әдеттегіден «екі есе көп тамақ жеу» қате пікір. Өйткені жүкті әйелге тамақтың мөлшері емес, құнары маңызды. Іштегі бала әйел ағзасынан өзіне қажетті құнарлы заттар алу арқылы дамиды. Жүктілікте ғана болатын жағдай ол – жеріктік (белгілі тамаққа құштарлық). Кейбір жүкті әйелдердің жеріктік құштарлығы қарапайым тамақтарға ауса, кейбіреуінің таңдауы ерекше (алкогольді, газдалған тәтті сусындар, топырақ, тұздалған көкөністер, цитрустар, бояғыш, жағармай заттардың иісі және сол сияқты). Осы ерекшеліктерді іштегі баламның таңдауы деп, ретсіз, шамадан тыс жерікке ерік беретіндер де бар.  Бұл жүкті әйелдің ғана емес, іштегі нәрестенің де денсаулығына, өміріне қауіп төндіреді. Сондықтан жерік асты пайдалануда  қанағат танытқан жөн.

Жүктілік кезінде өз сымбатыңызды жоғалтпай, денсаулығыңызға нұсқан келтіргіңіз келмесе дұрыс тамақтануды әдетке айналдырғаныңыз қажет. Күн сайын үш рет көп мөлшерде тамақтанғаннан гөрі бес-алты рет жеңіл тамақтанудың пайдасы мол.

Жүкті әйелдерге пайдалы тағамдар: көкөністер мен жемістер (барлығы, бірақ аллергенді ескере), жидектер (мүкжидек, итбүлдірген, итмұрын, қаражидек, қарақат, қаражемісті шетенжидегі және т.б.), ботқалар (құрамында темір, көмірсулар, дәрумендер мен талшықтар бар қарақұмық, тары, жүгері және сұлы жармалар), сүт өнімдері (кальцийдің негізгі көзі), ет (жануарлар ақуызының негізгі көзі, В дәрумендері мен темір), нан, жаңғақ, кептірілген көкөністер (өсімдік ақуызының көзі), балық (құрамында D дәрумені және фосфор).

Жүкті әйелдерге мына тағамдарды шамадан тыс пайдалануға болмайды: кофе мен шарап (қан қысымын жоғарылатады), сыра және маринадталған қияр (бүйрекке ауыртпалықты арттырады), алкоголь (баланың дамып келе жатқан мүшелері мен жүйелеріне кері әсер етуі мүмкін), қуырылған, өткір, ысталған және майлы тағамдар ( бауыр мен өт қабын шамадан тыс жүктейді), шоколад, цитрус жемістері, құлпынай, экзотикалық жемістер, теңіз өнімдері, жаңғақтар (аллергия тудыруы мүмкін).

Дұрыс тамақтану  ана мен баланың денсаулық кепілі.