Қызылорда облысында ауыз суға байланысты инфекциялық аурулар тіркелген жоқ

Қызылорда облысында ауыз суға байланысты инфекциялық аурулар тіркелген жоқ

Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментімен 2020 жылы 87 сумен жабдықтау объектісі ерекше тәртіп бойынша тексерілді. «Ұлттық сараптама орталығы» облыстық филиалы мамандарымен орталықтандырылған су жүйесінен 2024 сынама алынып, санитариялық-химиялық көрсеткіштерге зерттелді. Оның 233-і немесе 11,5% органолептикалық көрсеткіштер бойынша (құрғақ қалдықтар, хлоридтер, жалпы қаттылық) сәйкес келмеді. Ал микробиологиялық көрсеткіштері бойынша 2223 зерттеу жүргізіліп, 80-нен немесе 3,5%-нен сәйкессіздік анықталды. Лямблия цисталарына 130 зерттеу жүргізіліп, сәйкессіздіктер тіркелген жоқ.

Ауыз су сапасының микробиологиялық көрсеткіштерінің нашарлауы негізінен авариялық жағдайларды жойғаннан кейін сумен жабдықтау желілерінде жуу және зарарсыздандыру іс-шараларының жеткіліксіз жүргізілуінен, су торабын қорғау аймағын сақтау жөніндегі іс-шаралардың орындалмауынан орын алған. Ауыз су сапасының зертханалық мониторингі барысында анықталған сәйкессіздіктер бойынша дезинфекциялық және жуу жұмыстары жүргізілді, судың қайталама үлгілері алынды.

Сумен жабдықтау объектілеріне санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау жүргізу кезінде санитариялық ережелерді бұзғаны үшін 7 ұйғарым беріліп, 458 370 теңгеге 11 айыппұл салынды.

2020 жылы облыс тұрғындары арасында су факторымен байланысты инфекциялық аурулар тіркелген жоқ.