Шортанды өзені мен Илова тауының зертханалық талдаулары қалыпты!

Шортанды өзені мен Илова тауының зертханалық талдаулары қалыпты!

Қостанай облысындағы Жітіқара қаласының жер қойнауында Менделев кестесінің барлық элементтері бар екендігімен әйгілі. Өткен ғасырдың ортасында қаланың шығыс бөлігінде сынап қолдану арқылы алтын өндірілген. 1970 жылдары бұл жерде зиянды буланудың алдын алу мақсатында Шортанды өзенінің жағасында саркофаг тұрғызу туралы шешім қабылданған. Бірақ уақыт өте келе қорғаныс қабаты су мен желдің әсерінен бұзыла бастаған. Жітіқаралықтар Шортанды өзеніне ауыр металдардың ену қаупі туралы мәселені көтере бастады.

2020 жылдың 20 қарашасында Қостанай облысы бойынша "Ұлттық сараптама орталығының" мамандары Жітіқара қаласындағы әріптестерімен бірлесіп қоршаған орта объектілерінде зиянды химиялық заттарға санитариялық-эпидемиологиялық бақылау жүргізу мақсатында атмосфералық ауа, Шортанды өзенінен су және Илова тауынан топырақ сынамаларын алды. Зертханалық тексерулердің нәтижелері бойынша алынған сынамалардан «сынап» табылған жоқ.

2019 жылы шілде және тамыз айларында Қостанай облысының санэпидбақылау мамандары Шортанды өзенінің суынан, топырақтан және атмосфералық ауадан сынапқа сынамалар іріктеп, зертханалық зерттеулер жүргізді. Атмосфералық ауа сынамалары Жітіқара қаласының тұрғын аймағында және Илова тауының айналасы іріктелді. Топырақ сынамасын алу Илова тауының маңайында жүргізілді.

Ауыз судың сынамасын алу Жітіқара қаласыдағы құдықтан, Шортанды өзенінен, оның ішінде өзен түбінен, өзен ағысы және қарсы бағыттарда жүргізілді. Зертханалық зерттеулердің нәтижелеріне сәйкес судағы және топырақтағы сынаптың анықталған концентрациясы шекті рұқсат етілген концентрациядан аспайды. Жітіқара қаласының атмосфералық ауасында және Илова тауының маңайынан сынап табылған жоқ.

2020 жылдың мамыр мен қазан айларының аралығында Қостанай облысы бойынша "Ұлттық сараптама орталығы" мамандарымен санитариялық-эпидемиологиялық мониторинг тәртібінде Илова тауының ауданында атмосфералық ауадағы сынап буының 3 сынамасы, Шортанды өзенінен сынапқа 30 сынама, кадмий, мыс, мырыш және қорғасын құрамына 10 сынама және топырақтың 30 сынамасы, оның ішінде сынапқа 15 сынама және қорғасынның құрамына 15 сынама алынды.

Зертханалық зерттеулердің нәтижелеріне сәйкес: судағы және топырақтағы сынаптың, кадмийдің, мыстың, мырыштың және қорғасынның анықталған концентрациясы шекті рұқсат етілген концентрациядан аспайды. Атмосфералық ауада және топырақта сынап жоқ.