ВАК отырысында проактивті тәсілмен ресімдеу қызметтерінің санын арттыру ұсынылды

ВАК отырысында проактивті тәсілмен ресімдеу қызметтерінің санын арттыру ұсынылды

Мемлекеттік қызметтерді көрсету мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның (ВАК) кезекті отырысында мемлекеттік қызметтерді автоматтандырудағы бірқатар өзекті мәселелер талқыланды. Солардың ішінде адамның қайтыс болғаны туралы куәлікті проактивті тәсілмен беру.

ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің бірінші орынбасары, Комиссия төрағасы Бағдат Мусин атап өткендей, азаматтарға мәйітхана мен ауруханаға барып, тиісті құжат жинаудың қажеті болмайды.

«Бұл процесті барынша жеңілдетіп, оны проактивті форматқа көшіру қажет. Мәйітхана қызметкерлері барлық деректерді Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттық жүйесіне, одан кейін АХАЖ деректер базасына енгізуі керек.Осылайша, барлығы онлайн түрде ресімделеді, ал марқұмның туыстарына қажет анықтаманы алу жолы көрсетілген СМС-хабарлама жіберіледі. Адамдар анықтама алуға уақытын үнемдейді», - деді Мусин.

Қазір аталған қызметті алу үшін азаматтар мәйітханадан қайтыс болғаны туралы медициналық куәлікті алып, оны ХҚКО-ға апарып өткізеді де қайтыс болғаны туралы анықтама алады, бұған 1 күн уақытын жұмсайды. 

ВАК-та қаралған тағы бір мәселе – шетелде жүрген қазақстандықтарға "электрондық үкімет" порталының қызметтерін толық пайдалануға мүмкіндік ұсыну. Сарапшылардың айтуынша, бұл үшін Қазақстанның шет мемлекеттердегі консулдықтары қолдау көрсетуі қажет.

«Әңгіме ЭЦҚ-ны шетелде жүріп-ақ алу және азаматтық хал актілері саласында қызмет көрсету мүмкіндіктері туралы болып отыр. Қауіпсіз байланыс арнасының болмауына орай, аталған қызметтер қолжетімсіз. Сондықтан біз отандастарымыз көп тұратын мемлекеттердегі қазақстандық консулдарға АХАЖ және ХҚКО-ның ақпараттық жүйелеріне қолжетімділікті ұсынамыз», - деп атап өтті ҚР СІМ Жауапты хатшысы Аркен Өтенов.

Бағдат Мусин отырысқа қатысушылардың назарын мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерін техникалық жағынан дайындау қажеттігіне аударды.

«Бүгінгі таңда біз проактивті қызметті дамытуға белсенді түрде бағыт алдық. Бұл Мемлекет басшысының тапсырмасын тікелей жүзеге асыру. Біз азаматтардың мемлекеттік қызметтерді жеңіл алуы үшін жағдай жасауымыз керек. Бұл мәселеде күш-жігерімізді біріктіру қажет. Бұл ретте жергілікті атқарушы органдарға қолдау көрсету маңызды. Реформалар қағаз жүзінде емес, іс жүзінде болуы тиіс. Сондықтан, барлық жауапты тұлғаларға өз ақпараттық жүйемізді техникалық жағынан дайындап, қойылған міндеттерді жүзеге асыруды ұсынамын», - деп атап өтті Мусин.

Сонымен қатар, отырыста мемлекеттік қызметтердің 90%-ын жыл соңына дейін электрондық форматқа ауыстыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндамалар тыңдалып, психоневрологиялық, наркологиялық және туберкулезге қарсы ұйымдардың анықтамаларын алып тастау ұсынысы қаралды.