Қайырбек Өскенбаев азаматтарды жеке мәселесі бойынша қабылдады

Қайырбек Өскенбаев азаматтарды жеке мәселесі бойынша қабылдады

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев офлайн және онлайн форматта азаматтарды жеке мәселесі бойынша қабылдады.

Кездесу барысында Нұр-Сұлтан, Алматы және Екібастұз қалаларының тұрғындары өздерін толғандырған арыз-шағымдарын айтып, сауалдарын қоюға мүмкіндік алды.

Қабылдауда тұрғын үй кезегіне тұру, жұмысқа орналасу, пәтер үлестірудегі мәселелер, жер қойнауын пайдаланудағы өзгерістер, шетелдік инвестиция тартуға қолдау көрсету, баспананы жекешелендіру сынды мәселелер талқыланды.

Атап айтсақ, елордалық кәсіпкер Семен Пак министрге ауылдық елді-мекендердің экономикалық дамуының жаңа моделін ұсынды. Сондай-ақ ол мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасы аясында ауылдық аймақтарда жеке баспана салу жобасымен таныстырып, оны іске асыруға қолдау көрсетуін сұрады. Бүгінде пилоттық жобаның тұжырымдамасы тиісті мемлекеттік органдармен қарастырылып, жобаны субсидиялау ережесінің жобасы да даярланған.

Ал, қоғам белсенділері Айжан Атежанова мен Ольга Дик Нұр-Сұлтан қаласында бас жоспардан тыс салынып жатқан құрылыстарға мораторий жариялау туралы ұсынысын жеткізді.

Жеке қабылдауда кәсіпкер Оралбек Ботбай «Түркістан – Шымкент – Ташкент» теміржол құрылысын қаржыландыруға шетелдік инвесторлар тарту бойынша ұсынысын жеткізді. Оның айтуынша, қазіргі таңда жоғары жылдамдықты магистраль құрылысы жобасының техникалық-экономикалық негіздемесі дайындалып, оған мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы берілген. Жобаның жалпы құны 322 млрд теңгені құрайды. Бүгінде бірқатар шетелдік іскер топ өкілдерімен келіссөздер жүргізілуде екен.

Ведомство басшысы Қайырбек Өскенбаев азаматтардың ұсыныстары мен өтініштерін мұқият тыңдап, олардың әрқайсысына толыққанды жауап берді. Жеке қабылдауда көтерілген барлық мәселелер бойынша жауапты комитеттер мен департамент басшыларына тиісті тапсырмалар жүктеліп, оның бірқатары министрдің жеке бақылауына алынды.