Меню
Страницы
Құжаттар
Қызметі
Байланыс ақпараты
Баспасөз орталығы
Комитет туралы
Онлайн қабылдау
Все материалы
Индустриялық даму
Мемлекеттік қорғаныс тапсырысы және қорғаныс өнеркәсіп кешенін дамыту
26 ноября 2020
Қазақстанның гуманитарлық көмегі Бішкекке жетті

Қазақстаннан гуманитарлық көмек ретінде жіберілген медициналық бұйымдар мен жабдықтар бүгін Бішкекке жеткізілді. 

Оның құрамында «Тыныс» АҚ-да өндірілген «Көкшетау-4П» өкпені жасанды желдету мобильді аппараттарының 400 данасы және Алматыдағы «Dolce pharm» ЖШС және Жамбыл облысында орналасқан «Mega pharm» ЖШС шығарған 2 млн. медициналық бетперде бар.

Гуманитарлық көмек Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сай көрсетілді.

Жіберілген гуманитарлық жүктің жалпы құны 400 млн. теңгеге жуық. ҚР Үкіметінің қаулысына сәйкес акцияны Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі ұйымдастырды. Жүкті Қырғызстан Денсаулық сақтау министрлігінің мамандары қабылдап алды.

Мемлекеттік қорғаныс тапсырысы және қорғаныс өнеркәсіп кешенін дамыту
25 ноября 2020
ҚР ИИДМ Қырғызстанға гуманитарлық жүк жіберді

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 13 қарашадағы № 763 қаулысына сәйкес Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі 2020 жылғы 23 қарашада Қырғыз Республикасына ауыр жүк көлігімен «Көкшетау-4П» өкпені жасанды желдету мобильді аппараттарының 400 данасын және Қазақстан кәсіпорындарда өндірілген 2 млн. медициналық бетперде жіберді.

Жіберілген гуманитарлық жүктің жалпы құны 390 млн. теңгеге жуық, атап айтқанда «Тыныс» АҚ шығарған «Көкшетау-4П» ӨЖЖ аппараттарының құны 328 млн. теңге, «Dolce pharm» ЖШС және «Mega pharm» ЖШС шығарған медициналық бетперделер құны - 61 млн. теңге.

Индустриялық даму
Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы
Мемлекеттік қорғаныс тапсырысы және қорғаныс өнеркәсіп кешенін дамыту
20 ноября 2020
ҚР ИИДМ 2021 жылға арналған нормативтік құқықтық актілердің жобаларын дайындау жоспары бекітілді

Нормативтік құқықтық актілердің жобаларын дайындау, әдетте, жоспарлы негізде жүзеге асырылады.

Осыған байланысты, 2020 жылғы 13 қарашада Министрлікте, реттелетін салалардағы заңнаманы жетілдіруге бағытталған 42 заңға тәуелді актілерді әзірлеу көзделген 2021 жылға арналған нормативтік құқықтық актілердің жобаларын дайындау жоспары бекітілді.

Мемлекеттік қорғаныс тапсырысы және қорғаныс өнеркәсіп кешенін дамыту
19 ноября 2020
ҚР ИИДМ бизнеспен және бейіндік үкіметтік емес ұйымдармен ашық жұмыс істейтінін мәлімдейді

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі қолданыстағы заңнамаға және ел басшылығының тапсырмаларына сәйкес қызметін реттеуге уәкілетті кәсіпорындармен және үкіметтік емес ұйымдармен (ҮЕҰ) арадағы диалогта өзінің ашықтығын мәлімдейді.

ҚР ИИДМ мемлекеттік саясатты жүзеге асыруға қайшы келмеген жағдайда отандық кәсіпкерліктің мүдделерін әрқашан қолдайды.

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі қорғаныс-өнеркәсіп кешені кәсіпорындары қауымдастығы басшыларының Мемлекет басшысына жолдаған ашық үндеуінде қозғалған жайттар бойынша айқындық енгізіп, басын ашып көрсетуге ниетті.   

Үндеуде елдің қорғаныс өнеркәсібі кешеніндегі (ҚӨК) жағдайға алаңдаушылық білдірілген. Оның ішінде мемлекет отандық «қорғаныс саласының» дамуын тежеп, баға белгілеуге араласатыны, кәсіпкерлік еркіндігін шектеп, кәсіпорындардың тиімді қызметіне кедергі келтіретіні және мемлекеттік тапсырыспен жеткілікті қолдау көрсетпей отырғаны айтылған.

Өндірісті қысқарту

Айтылған пайым шындыққа жанаспайды.

Экономиканың сын-қатерлеріне қарамастан, өндірістік дамуды ескере отырып, қорғаныс өнеркәсібі кәсіпорындарының өндіріс көлемі 2020 жылы 2019 жылмен салыстырғанда 10,7% өсті.

Жетілмеген заңнама

2019 жылы Қазақстанда алғаш рет қорғаныс өнеркәсібі қызметін реттейтін нормативтік-құқықтық заңнамалық база құрылды. 2019 жылғы 18 наурызда «Қорғаныс өнеркәсібі және мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс туралы» заң, сондай-ақ оны іске асыру үшін 23 нормативтік-құқықтық акт қабылданды.

Қорғаныс өнеркәсібінің өкілдері заңнамалық базаны әзірлеуге белсене қатысты. Нормативтік-құқықтық актілерді (НҚА) әзірлеу кезінде ҚӨК кәсіпорындарының ұсыныстары да ескерілді.

Қазіргі уақытта саладағы жағдайды ескере отырып, қорғаныс өнеркәсібі кәсіпорындарының ұсыныстары бойынша кейбір НҚА-ға заңнамада белгіленген тәртіппен өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі. Мұндай жұмыс 4 нормативтік құжатқа қатысты жүргізіліп жатыр. Оның ішінде Қауымдастық үндеуінде сөз болған мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс шеңберінде әскери мақсаттағы тауарларға (өнімге), қосарланған мақсаттағы (қолданыстағы) тауарларға (өнімге), әскери мақсаттағы жұмыстарға және әскери мақсаттағы қызметтерге баға белгілеу қағидаларына қатысты" (Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 17 қазандағы № 772 қаулысымен бекітілген). Өзгерістер ұйымдардың еңбек демалыстарын, уақытша еңбекке жарамсыздық бойынша жәрдемақыларды және басқа да міндетті төлемдерді төлеуге арналған шығындарын есепке алуға қатысты.

Тапсырыс берушілердің (күштік құрылымдардың) өз өнімдеріне деген қажеттілігін кәсіпорындардың нақты түсінбейтіні

2018 жылы Қазақстан Республикасының Президенті бекіткен Қазақстан Республикасының 2030 жылға дейінгі Қорғаныс-өнеркәсібі кешенін қайта жарақтандыру және дамыту тұжырымдамасы қабылданды.

Тұжырымдамаға сәйкес стратегиялық деңгейде ұзақ мерзімді жабдықтау жоспары, ал жедел деңгейде – мемлекеттік қорғаныс тапсырысы шеңберінде 3 жылдық іс-шаралар жоспары әзірленді.

Мемлекеттік құпияларды қорғау жөніндегі мәселелерді қамтамасыз етуді ескере отырып, сол немесе өзге кәсіпорынның қызметіне қатысты өндірістік даму бағыттары компанияларға жеткізіліп отырады.

Отандық қорғаныс өнеркәсібі кәсіпорындары үшін мемлекеттік қорғаныс тапсырысының қатты жетіспеушілігі

Мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс көлемі мемлекеттің органдардың қажеттіліктеріне қарай бөлінген бюджетке сәйкес жасалады.

Мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс шарттарын жасасу мерзімдері

Бюджет 3 жылдық негізде қалыптастырылатынын ескере отырып, мемлекеттік қорғаныс тапсырысын орындауға арналған шарттар да осы мерзімге жасалады. Бұл жеткілікті мерзім. Қару-жарақ пен әскери техника үшін ең жоғары өндірістік цикл 3 жылдан аспайды.

Қорғаныс өнімдеріне баға белгілеу мәселелері

Саланың қабылданған қағидалар шеңберінде жұмыс істеуі мемлекеттік қорғаныс тапсырысы іс-шараларын орындау аясында бөлінген бюджет қаражатының 13 млрд теңгеден астамын үнемдеуге мүмкіндік берді. Бұл ақшаны Үкімет басқа мемлекеттік қажеттіліктерге, соның ішінде азаматтарды әлеуметтік қолдауға қайта бөлді.

Сонымен бірге, жоғарыда айтылғандай, әскери мақсаттағы тауарларға (өнімдерге) баға белгілеу ережелері кәсіпорындардың негізделген ұсыныстары бойынша жетілдіріліп жатыр.

Баға белгілеу ережелері тек мемлекеттік қорғаныс тапсырысы өнімдеріне ғана белгіленгенін айту керек. Зауыттар мемлекеттік қорғаныс тапсырысынан тыс өндіруге құқылы басқа өнімдерге, мысалы, азаматтық өнімдерді экспорттаумен немесе өндірумен айналысатын басқа өнімдерге ол ережелер қолданылмайды.

Ұлттық компанияның (квазимемлекеттік кәсіпорындардың) үлестес тұлғалары ретінде кәсіпорындар қызметінің жол берілетін қызмет түрлерін шектеу

Бұл пайым да шындыққа жанаспайды.

Квазимемлекеттік сектордың қорғаныс-өнеркәсіптік кәсіпорындары азаматтық мақсатта өнімдер өндіре алады. Оларға заңнамалық норманы орындау міндеті 3 жылға шегерілді.

Мысалы, Петропавл ауыр машина жасау зауыты мұнай-газ секторы мен теміржол саласына арналған жабдықтар шығарады. С.М.Киров атындағы зауыт компьютерлер мен планшеттер шығарады, Көкшетау "Тыныс" зауыты және астаналық "Қазақстан Аселсан инжиниринг" кәсіпорны өкпені жасанды желдету аппараттарын шығаруды игерді.

Қорғаныс-өнеркәсіп кешені кәсіпорындарын жекешелендіру

Әлемдік тәжірибені және отандық ҚӨК кәсіпорындарының өндірістік қызметін талдау жекеменшік кәсіпорындардың қызметі серпіндірек екенін көрсетеді (қаржылық көрсеткіштер жоғары, мемлекеттік қорғаныс тапсырысына тәуелділігі аз, өндірістік дамудағы көрсеткіштері озық).

Кәсіпорындарды жекешелендіру ҚР Президентінің 2020 жылғы 24 қаңтарда Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмасын ескере отырып, белгіленген тәртіппен жалғасады.

Осылайша, мемлекет қорғаныс өнеркәсібі кәсіпорындарына барлық қажетті қолдауды көрсетіп келеді. Олардың толыққанды жұмыс істеуіне және мемлекеттің қорғаныс қабілетін қамтамасыз етуге қажетті тапсырыстарды беруге жағдай жасап отыр.

БАҚ-қа дәйексіз деректер беру арқылы мемлекетке қажет емес қосымша тапсырыстар «алуға» жол берілмейді.

Сонымен қатар, мемлекеттік құпияны және қорғаныстық тапсырыс мәселелеріндегі құпияларды қорғауға бағытталған шараларды сақтау қажеттігін үндеу авторларының, БАҚ және блогерлердің назарына салып, бұл шараларды бұзу заңнамаға сәйкес тиісті жауапкершілік жүктейтінін еске саламыз.

Мемлекеттік қорғаныс тапсырысы және қорғаныс өнеркәсіп кешенін дамыту
26 октября 2020
ҚР Премьер-Министрі А. Мамин Түркияның қорғаныс министрі Х. Акарды қабылдады

ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Түркия Республикасының Қорғаныс министрі Хулуси Акарды қабылдады.

Үкімет басшысы Қазақстан мен Түркия арасындағы ынтымақтастықтың жоғары деңгейін атап өтті.

«Екіжақты өзара іс-қимылды кеңейтуде біздің мемлекеттеріміздің басшылары арасында қалыптасқан достық қарым-қатынас үлкен рөл атқарады. Екіжақты форматта қарқынды жүргізіліп жатқан сындарлы диалогпен қатар БҰҰ, ИЫҰ, ЕҚЫҰ және АЫСШК шеңберіндегі практикалық өзара іс-қимыл табысты дамуда», — деді А. Мамин.

Түркия Қазақстанның негізгі сауда серіктестерінің топ 10 елінің қатарына кіреді. ҚР мен ТР арасындағы тауар айналымы 2019 жылдың қорытындысы бойынша $3 млрд-тан асты. Ағымдағы жылдың 8 айында екіжақты сауда өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,4%-ға өсіп, $2,1 млрд құрады, ҚР Тәуелсіздік жылдарында Түркиядан Қазақстанға тікелей инвестициялар ағыны $3,7 млрд-тан асты.

Тараптар екі елдің әскери білім беру және қорғаныс-өнеркәсіп кешені салаларындағы ынтымақтастығының жай-күйі мен перспективаларын, оның ішінде түрік компанияларының ҚӨК саласында бірқатар инвестициялық жобаларды іске асыруын талқылады.

Кездесуге ҚР қорғаныс министрі Н. Ермекбаев пен ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Б. Атамқұлов қатысты.

Дереккөз: primeminister.kz

Индустриялық даму
Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы
Жер қойнауын пайдалану
Мемлекеттік қорғаныс тапсырысы және қорғаныс өнеркәсіп кешенін дамыту
21 октября 2020
НҚА жобаларына сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптаманың енгізуі туралы

Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінде «ZOOM» бейнебайланысы платформасының көмегімен жалпыға бірдей құқықтық оқыту шеңберінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптамасын жүргізу қағидаларының негізгі ережелерін түсіндіру бойынша семинар өтті.

Аталған іс-шараның мақсаты нормашығармашылық процесті жетілдіру және жақсартуға бағытталған НҚА-ға сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптама жүргізу тәртібін насихаттау және түсіндіру болып табылады.

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің Парасаттылық департаменті директорының орынбасары Нұрсұлтан Берікұлы Бекинов сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптама жүргізу барысында жобаларды әзірлеуші мен сарапшылардың өзара іс-қимылын қамтамасыз ететін Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ті үйлестіруші болып белгіленгенін атап өтті.

Семинар барысында қатысулышар НҚА жобаларын келісу практикасының мерзімдерін, талаптары мен проблемалық мәселелерін талқылады.

Мемлекеттік қорғаныс тапсырысы және қорғаныс өнеркәсіп кешенін дамыту
16 октября 2020
Отандық кәсіпорындар мемлекеттік тапсырыс бойынша ӨЖЖ аппаратын шығаруды аяқтады

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі берген тапсырыстың соңғы партиясы – 1500 өкпені жасанды желдету аппараты еліміздің медициналық мекемелеріне жіберілді.  

102 аппарат Қостанай және Ақмола облысының ауруханаларына қойылады.

Өзге өңірлердің өтінімдері толықтай орындалды. ӨЖЖ аппараттары қойылып, мамандар оқытылып, қондырғылар сервистік қызмет көрсетуге берілді.

Өкпені жасанды желдететін «BIYOVENT» стационарлық аппараттары отандық «Қазақстан ASELSAN инжиниринг» ЖШС қорғаныс-өнеркәсіптік кешенінде жасалды.  

Биыл тамыз айында ҚР ИИДМ ҚР Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп «Тыныс» АҚ-да шығарылған жедел жәрдем стансаларына арналған шағын ӨЖЖ аппараттарымен қамтамасыз ету бойынша мемлекеттік тапсырысты орындады. 

Осылайша, ӨЖЖ аппаратының отандық өндірісін жолға қою жөніндегі Мемлекет басшысы мен ҚР Үкіметінің тапсырмасы орындалып, болжанып отырған пандемияның екінші толқыны қарсаңында еліміздің медициналық мекемелері ӨЖЖ аппараттарымен жеткілікті мөлшерде қамтамасыз етілді. 

Қазақстан орнықты өндірісті жолға қойды. Нәтижесінде ӨЖЖ станционарлық және мобильді аппараттарына деген өз еліміздегі қажеттілікті толық өтеп қана қоймай, көрші елдерге жеткізуге мүмкіндік туып отыр.

*
ҚР ИИДМ Қорғаныс өнеркәсібін дамыту жөніндегі департамент директоры Сергей Черненок қазақстандық ӨЖЖ аппараттарын жасау тарихын баяндайды:

«Өз күшімізбен ӨЖЖ аппаратын өндіру мәселесі көктемде, COVID-19 ауруының алғашқы толқыны кезінде туындады. Ол кезде ӨЖЖ аппараттарын жеткілікті көлемде ақшаға сатып алу мүмкін болмай қалды. Әр ел өздерінің қажеттіліктерін өтеп, баға аспандап кетті. Бір аппарат үшін 20 млн. теңгеге дейін сұрады. 

Көптеген елдермен сынақтан өткізуге арналған тәжірибелік үлгісін елге әкелу туралы келіссөздер жүргізілді. Ең жақсы ӨЖЖ аппаратын таңдау, өз өндірісімізді жолға қою үшін технологиясын алу міндеті тұрды. Барлық жаққа, оның ішінде отандық бизнес өкілдеріне хабарластық. Тек Түркия мен Қытай ғана жауап қатып, өздерінің түрлі өндіруші компанияларынан екі аппараттан жіберді. Түркия оны гуманитарлық көмек деп бізден ақшасын да алмады. Оңтүстік Корея да дайын екендерін білдірді, бірақ аппараттарын тек күзде бөле алатындарын айтты. Өзіміздің қазақстандық өндірушілерден де ұсыныстар келіп түсті. Бірақ біздің компанияларымызда құзыреттіліктері жеткіліксіз болды әрі қажетті көлемді шығаруға және өндіріс мерзіміне қатысты кепілдік бере алмады. Оған қоса, біз шілде айында өткізген сынақтарға бірде-бір өнімін бере алмады.   

Келіп түскен аппараттарды астанадағы инфекциялық стационарда Денсаулық сақтау министрлігінің мамандары бірден іс жүзінде сынақтан өткізді. Екі апта ішінде ӨЖЖ аппараттарын нақты пациенттерге көмек көрсету үшін қолданып, қорытындысында түріктердің ASELSAN компаниясының технологиясын ең тиімді және жұмыс істеуге қолайлы деп тапты. Мамандарымыз бағдарламалық қамтамасыздығын аударып, оңтайландырды. Дәрігерлеріміздің өтініші бойынша аппарат құрылымына ауаны ылғалдауыш және сығылған ауа компрессоры қосылды. Өйткені, сығылған ауаны жеткізетін стационарлық жүйе еліміздегі медициналық мекемелердің біразында жоқ.  

Нұр-Сұлтан қаласында 2011 жылдан бері қорғаныс кешені үшін дәлдігі жоғары өнімдер шығаратын Қазақстан-Түркия бірлескен кәсіпорны жұмыс істеп жатқандықтан әрі білікті мамандары мен шығарылған ӨЖЖ аппаратын сынақтан өткізуге қажетті алаңдары мен кешені болғандықтан шілде айының соңында өндіріс іске қосылды. Бірден өндірісті оқшаулау жұмысы басталды.  

Қыркүйек айында өндірістік қуаты күніне 70 стационарлық ӨЖЖ аппаратын шығаруға жетті. Тұтынушыға жібермей тұрып бірнеше күн бойы сынақтан өткізіліп, сосын ғана тапсырыс берушіге жол тартады.

«Қазақстан ASELSAN инжиниринг» ЖШС аппараттарының құны шетелдік нұсқаларына қарағанда үштен бірге арзан. Әрі мемлекет бөлген қаражат ел экономикасында қалады. Компания сондай-ақ қондырғыны монтаждап, медицина қызметкерлерін оқытады және аппаратқа 37 айға кепілдік береді. Осы уақыт ішінде қондырғыға Қазақстанның кез-келген бұрышында сервистік қызмет көрсетіледі.

«Тыныс» АҚ қорғаныс зауыты шығаратын ӨЖЖ мобильдік аппараттарының тарихы тіптен қызық. Тиімді, сенімді және пайдалануға оңай бұл шағын аппараттарды зауыт сонау кеңес заманынан бері шығарады. Шетелдік өндірушілер мұндай қондырғыларды ұшақтарға қояды.  «Көкшетау-4П» аппараты – кәсіпорынның ноу-хау өнімі. Оны 2016 жылдан бері шығарады. ӨЖЖ аппараты қойылған мобильдік чемоданы бар кез-келген адам мұқтаж адамға көмек көрсете алады. Ол үшін нұсқаулықты оқыса жеткілікті. Кәсіпорынның қуаттылығы – айына 500 аппарат. Жеке саудадағы бағасы 750 мың теңге шамасында.   

 

Мемлекеттік қорғаныс тапсырысы және қорғаныс өнеркәсіп кешенін дамыту
14 октября 2020
Қазақстандық ерекше жандарға 1300-ден астам электр кресло-арба беріледі

"Қазақстан инжиниринг" ҰК еншілес кәсіпорны - "Тыныс" АҚ мүмкіндігі шектеулі жандарға (ересектер мен балалар) арналған электр кресло-арба өндірісін жолға қойды. 2020 жылға арналған мемлекеттік тапсырмаға сәйкес зауыт осындай 1 381 арба шығарады.

Үлкендерге арналған 1 322 және балаларға арналған 59 электроарба Қазақстанның барлық өңіріне, сондай-ақ елорда мен Алматы қалаларына жеткізіледі. Бұл мүмкіндігі шектеулі жандардың өз бетінше жүріп-тұруына мүмкіндік беріп, әлеуетін арттырады.

Ағымдағы жылдың 12 қазанындағы жағдай бойынша «Тыныс» АҚ ұжымы тапсырыс берушілерге еліміздің 8 облысына 437 арба жіберді. Жыл соңына дейін компания тапсырыс берушілерге электр жетегі бар тағы 944 кресло-арбаны жеткізуді жоспарлап отыр.

Тауар өндіру кезіндегі қазақстандық қамту үлесі 75% - ды құрайды.

Мемлекеттік қорғаныс тапсырысы және қорғаныс өнеркәсіп кешенін дамыту
14 октября 2020
Мемлекеттік қорғаныс тапсырысын орындаушыларға арналған ақпарат

Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі "Қорғаныс өнеркәсібі және мемлекеттік қорғаныс тапсырысы туралы" ҚР Заңына сәйкес мемлекеттік қорғаныс тапсырысын қалыптастыру, орналастыру және орындау саласына жауапты. Оның ішінде Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарды, Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарын қазіргі заманғы әскери мақсаттағы тауарлармен (өнімдермен), қосарланған мақсаттағы (қолданыстағы) тауарлармен (өнімдермен), әскери мақсаттағы жұмыстармен және әскери мақсаттағы көрсетілетін қызметтермен уақытылы қамтамасыз етеді.

Осыған орай Министрлік әскери және қосарланған мақсаттағы тауарлардың отандық өндірушілерінің, әскери мақсаттағы жұмыстар мен қызметтерді көрсетушілердің тізіліміне енген кәсіпорындарға өздеріне алған міндеттерді нақты орындау керектігін еске салады.

Тапсырысты уақтылы, тиісінше орындамаған немесе сапасыз орындағаны үшін мемлекеттік қорғаныстық тапсырысы аясындағы қолданыстағы заңнамасы шеңберінде кәсіпорындар жауапкершілікке тартылады.

Мемлекеттік қорғаныс тапсырысы және қорғаныс өнеркәсіп кешенін дамыту
13 октября 2020
Республика қалаларына 866 өкпені жасанды желдету аппараты жеткізілді

Бүгінгі таңда ел өңірлеріне 866 (58%) өкпені жасанды желдету (ӨЖЖ) аппараты жеткізілді. Сондай-ақ, 494 данасы (33 %) тиісті жерлеріне жіберіліп, 140 аппарат (9 %) дайын тұр.

Аппараттардың барлығын биылғы 15 қазанға дейін жеткізіп, іске қосу жоспарланған. 

Қазақстанда мемлекеттің қатысуымен «Қазақстан Аселсан инжиниринг» ЖШС (Нұр-Сұлтан қаласы) және «Тыныс» АҚ (Көкшетау қаласы) кәсіпорындары өкпені жасанды желдету аппаратын шығарады.

Бұл кәсіпорындар - «Қазақстан инжиниринг» ұлттық компаниясының еншілес ұйымдары. 

Коронавирус пандемиясына байланысты елде қалыптасқан эпидемиологиялық жағдайға орай ӨЖЖ аппараттарының жетіспеушілігін ескеріп, «Қазақстан Аселсан инжиниринг» ЖШС қысқа уақыт ішінде өкпені жасанды желдететін стационарлық аппараттар өндірісін игерді.

Ал «Тыныс» АҚ «Көкшетау-4П» ӨЖЖ 680 мобильді аппаратын шығарып, медициналық мекемелерге жеткізді.

Медицина мамандарының пікірінше, ӨЖЖ аппараты қолдануға ыңғайлы, сенімді және электр қуатына тәуелді емес.

Кәсіпорынның өндірістік қуаты айына 500 ӨЖЖ аппаратын шығаруға жетеді.

Одан бөлек, «Тыныс» АҚ «Көкшетау 3» ӨЖЖ портативті аппараттарын, сондай-ақ медициналық бұйымдардың түрлі номенклатурасын, оның ішінде көп реттік бетперделерді, мүгедектерге арналған арбаларды және т.б. шығарады.

Бұл кәсіпорындардың негізгі қызметі Қазақстан Республикасының және өзге де елдердің Қарулы Күштерінің қажеттіліктері үшін жоғары технологиялық өнімдер шығаруға бағытталған. Ал ӨЖЖ аппараты өндірісі медициналық мекемелердің қажеттіліктері үшін мемлекеттік тапсырыс аясында жолға қойылды.

Кәсіпорындар қосымша қажеттілік туындаған жағдайда медициналық техника мен кез келген өнімді қажет мөлшерде өндіріп, жеткізе алады.

Социальные сети
Меню подвал
Экран дикторы
Өмірлік жағдайлар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Мемлекеттік рәміздері
ҚР Премьер-Министрінің сайты
ҚР Президентінің сайты
Терминдер мен қысқартулар
Тұрақты даму мақсаттары
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы