
Алматы қаласында азаматтық қорғаныс органдарының әскери қызметшілері мен ТЖД қызметкерлерінің қатысуымен оқу-әдістемелік жиын өткізілді.
Іс-шараны өткізудің негізгі мақсаттары: төтенше жағдайлар кезінде іс-қимыл тәртібі бойынша халықты кең ауқымда ақпараттандыру, оқыту саласындағы кейбір нормативтік-құқықтық актілерді жаңарту бойынша ұсыныстар әзірлеу (цифрландыру және жасанды интеллектіні қолдануды қоса алғанда), азаматтық қорғау саласында заманауи талаптарға сай бірыңғай оқыту стандарттарын әзірлеу, өңірлер мен Ұлттық азаматтық қорғау орталығы арасындағы өзара іс-қимылды ұйымдастыру, тәжірибе алмасу және педагогикалық шеберлік дағдыларын жетілдіру.
Жиын барысында Ұлттық азаматтық қорғау орталығының әдістемелік бөлімі мен лекторларымен қатар, өңір өкілдері де тыңдаушыларына арналған оқу сабақтарын ұйымдастыру және өткізу жұмыстарына белсене қатысты.
Сонымен қатар ТЖД, Алматы қаласы әкімдігі және қала ұйымдарының қатысуымен жер сілкінісі кезіндегі іс-қимылдар бойынша кең ауқымды халықты оқыту шаралары өткізілді.
Практикалық іс-шаралар халық көп баратын нысандарда, білім беру және әлеуметтік ұйымдарда ұйымдастырылды: Қ.И.Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ, «Нархоз университеті» КЕАҚ,«НЗМ» ДББҰ, «Демеу» әлеуметтік қызметтер орталығы КММ, «ADK» СОО.
Аталған алаңдарда жер сілкінісі кезіндегі әрекет алгоритмдері, қауіпсіздік шаралары және алғашқы медициналық көмек көрсету бойынша практикалық жаттығулар, нұсқамалар мен оқыту сессиялары өткізілді.
Алматы қаласы төтенше жағдайларға халықты даярлаудың жаңа жүйесін енгізу және қауіпсіздіктің бірыңғай стандартын қалыптастыру бойынша пилоттық алаңға айналды.