Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтық қорғау мәселелері бойынша өзгерістер енгізу жоспарлануда

Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне  азаматтық қорғау мәселелері бойынша өзгерістер енгізу жоспарлануда

 

   Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрлігі «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтық қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасын әзірледі. Қазіргі уақытта аталған заң жобасы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің қарауында.

   Осылайша, заң жобасына жұмылдыру резервінің материалдық құндылықтарын қалыптастыру және сақтау жөніндегі функцияларды жұмылдыру тапсырмалары бар мемлекеттік органдарға беру жөніндегі мемлекеттік материалдық резерв жүйесін орталықсыздандыруды көздейтін түзетулер енгізілді.

   Осы бастаманы іске асыру шеңберінде «Жұмылдыру дайындығы және жұмылдыру туралы» Заңға, «Мемлекеттік мүлік туралы» Заңға және «Азаматтық қорғау туралы» Заңға өзгерістер енгізу көзделген.

   Ұсынылған тетікке сәйкес жұмылдыру тапсырмалары бар мемлекеттік органдар жұмылдыру резервін қалыптастыру және сақтау жөніндегі функцияларды дербес жүзеге асыратын болады.

   Төтенше жағдайлар министрлігі мемлекеттік материалдық резерв жүйесін басқаруды жүзеге асыратын уәкілетті орган ретінде мемлекеттік материалдық резерв саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыруды, сондай-ақ жұмылдыру резервінің материалдық құндылықтарын есепке алуды және түгендеуді жүзеге асыруды жалғастыратын болады.

   Аталған өзгерістер жұмылдыру резервінің жинақталу деңгейіне, бюджет шығыстарын оңтайландыруға, жұмылдыру тапсырыстарын жоспарлау және орындау жөніндегі мемлекеттік органдардың жауапкершілігін күшейтуге оң әсер етеді.

   Ұсынылып отырған жұмылдыру резервін орталықсыздандыру оны қалыптастыру жөніндегі әдістер мен тәсілдерді жетілдіруге және жаңғыртуға мүмкіндік береді, бұл өз кезегінде мемлекетке ұлттық қауіпсіздікке қатер төнген жағдайларда функцияларды неғұрлым тиімді және жедел жүзеге асыруға мүмкіндік береді.