"Цифрлық Қазақстан" бағдарламасын жетілдіру жөніндегі жұмыс тобының бірінші отырысы онлайн-режимде өтті

"Цифрлық Қазақстан" бағдарламасын жетілдіру жөніндегі жұмыс тобының бірінші отырысы онлайн-режимде өтті

"Цифрлық Қазақстан" мемлекеттік бағдарламасын іске асыруда жаңа тәсілдерді әзірлеу жөніндегі жұмыс тобының бірінші отырысы Цифрлық даму министрі Асқар Жұмағалиевтің төрағалығымен ашық онлайн-форматта өтті. Мемлекеттік бағдарламаны уақыт талабына сай өзекті ету туралы тапсырманы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ТЖ жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысында берген еді.

Онлайн формата өткен жұмыс тобының отырысында Асқар Жұмағалиев сарапшыларға цифрландыру тәсілдерін жетілдіруге қатысты маңызды міндеттердің жүктелгенін жеткізді.

"Пайдаланып жүрген бизнес-процестердің жекелеген элементтерін цифрлау жеткіліксіз. Цифрландыру дегеніміз – шын мәнінде, осы процестерді трансформациялау. Мемлекет басшысы бізге осыны міндеттеді. Осы орайда, бәрімізге осы тетіктерді шағын топтарда егжей – тегжейлі пысықтап, оларды жаңғыртуға жүйелі түрде кірісуіміз керек", -деп атап өтті министр.

Ірі IT-компаниялардың басшылары, байланыс операторлары, цифрлық CDO – мемлекеттік органдардың вице-министрлері мен квазимемлекеттік сектор өкілдерінен жасақталған топ мүшелері бейнеконференция байланысы режимінде қызметтің негізгі бағыттары мен жұмыс форматын талқылады.

Кездесуде жұмыс тобының мүшелері негізгі бағыттар бойынша өз ұсыныстарын ортаға салды. Атап айтқанда, ақпараттық қауіпсіздік саласын дамыту, халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру және цифрлық қоғам құру, сондай-ақ бір жағынан бизнеске мемлекеттік сектордың қысымын болдырмайтын Yellow Pages rules қағидаттарын белсенді қолдану, сонымен бірге бизнес, қоғам және мемлекет мүдделерінің арасындағы экономикалық теңгерімді сақтау шаралары талқыланды.

Мемлекеттік бағдарламаны жетілдіруде әр тақырып бойынша ұсыныстарды шұғыл әзірлеумен айналысатын шағын топтар құрылып, талқылаулар сол жұмыс топтарында жалғасады. Бұл топтарға бизнесмендер, байланыс операторларының және мемлекеттік органдардың өкілдері жетекшілік етеді. Олардың қатарында: "ChoсoFamily" – Рамиль Мухоряпов, "Documentolog" – Байжан Қанафин, "Beeline Қазақстан" – Евгений Настрадин, "Қазақтелеком" – Қуанышбек Есекеев, "Prime Source" - Евгений Щербинин, "Platonus" - Айдар Испусинов, "Бірінші несиелік бюро" - Руслан Омаров, "Атамекен" ҰКП-ның АКТ жөніндегі комитет төрағасы - Руслан Башеев және т.б. бар. Бүгін 90-нан астам адам осы топтың жұмысына қатысты, алдағы уақытта олардың қатары толыға түспек.

Бұл жұмысқа осы саладан хабары бар әрбір қазақстандық өз үлесін қоса алады. Ол үшін аталған жұмыс тобының қарауына өз ұсыныстарыңызды жіберуге болады. Ұсыныстарды қабылдау «Ашық диалог» платформасындағы Асқар Жұмағалиевтің блогында жүргізіледі. Сілтемесі төменде:

https://dialog.egov.kz/blogs/1376256/welcome.

Анықтама

"Цифрлық Қазақстан" мемлекеттік бағдарламасы елімізде 2018 жылдан бастап жүзеге асырылуда. Оны түрлі Министрліктер мен  Агенттіктер және Әкімдіктер іске асыруда.