Қазақстанның жаңа картасы

Қазақстанның жаңа картасы

2023 жылғы 19 мамырда Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Геодезия және картография комитеті төрағасы Қажымұқан Бекмұқашев Қ.А. құрамында жаңа құрылған облыстары бар Қазақстан Республикасының жаңа саяси-әкімшілік картасы туралы баяндады.

Жоба ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстанда жаңа облыстар құру туралы Жарлығын іске асыру шеңберінде жүзеге асырылды. Естеріңізге сала кетейік, 2022 жылдың 3 мамырында республикада Абай, Жетісу, Ұлытау облыстары құрылды. Осылайша, ұсынылған Қазақстанның саяси-әкімшілік картасы Алматы, Шығыс Қазақстан, Қарағанды облыстарының жаңа шекараларын, сондай-ақ елдің жаңадан құрылған облыстарының орналасуын көрсетеді. Сонымен қатар, ведомство Абай, Жетісу, Ұлытау, Алматы, Шығыс Қазақстан, Қарағанды облыстарының тақырыптық карталарын және сонымен бірге, олардың облыс орталықтарының жоспар-схемаларын таныстырды.

Осылайша, Жарлықты іске асыру шеңберінде:

  • Масштабы 1:1 500 000 Қазақстан Республикасының саяси-әкімшілік картасы;
  • Масштабы 1:1 000 000 Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Алматы облыстарының карталарын жаңартты, Ұлытау, Абай, Жетісу облыстарының карталары;
  • Масштабы 1:25 000 Қарағанды, Семей, Өскемен қалаларының жоспар-схемалары;
  • Масштабы 1:10 000 Жезқазған, Қонаев, Талдықорған қалаларының жоспар-схемалары жасалды.

Жаңа карталар барлық мүдделі мемлекеттік органдарға берілді. Сонымен қатар, карталарға жеке және заңды тұлғалар қол жеткізе алады. Ол үшін «Геодезиялық және картографиялық қызмет субъектілеріне жоспарланып отырған жұмыс учаскелерінде жергілікті жерлердің геодезиялық және картографиялық жағынан зерделенгендігі туралы тиісті мәліметтер беру» мемлекеттік қызметін таңдап, «Ұлттық геодезия және кеңістіктік ақпарат орталығы» РМК-ға өтінім беру қажет. Барлық карталарды визуалды түрде және таңдау үшін nkgf.kz. сайтынан көруге болады.

Сондай-ақ, бүгінгі күні мемлекеттік органдардың сұрауы бойынша 49, жеке және заңды тұлғалардың өтінімдері бойынша 225 тақырыптық карта ұсынылған.