Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары Геодезия және картография комитетінің «Ұлттық геодезия және кеңістіктік ақпарат орталығы» РМК-на барды

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары Геодезия және картография комитетінің «Ұлттық геодезия және кеңістіктік ақпарат орталығы» РМК-на барды

2022 жылғы 27 сәуір күні кәсіпорын қызметімен танысу үшін Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары Нұр-Сұлтан қаласында орналасқан Геодезия және картография комитетінің «Ұлттық геодезия және кеңістіктік ақпарат орталығы» РМК-на барды.

Геодезия және картография комитетінің «Ұлттық геодезия және кеңістіктік ақпарат орталығы» РМК Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің қарамағындағы геодезия және картография саласындағы мемлекеттік кәсіпорын болып табылады.

Кәсіпорын қызметінің негізгі бағыттары Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын шегендеу және қайта шегендеу, аэроғарыштық түсірілім, топографиялық-геодезиялық және картографиялық жұмыстар болып табылады.

Кәсіпорын құрамына еліміздің барлық өңірлерінде орналасқан 11 филиал кіреді.

Барлық жұмыс спектрін орындау үшін кәсіпорын қажетті заманауи жабдықтармен (аэротүсірілім, геодезиялық және батиметриялық жабдықтар), 2 әуе көлігімен және арнайы мақсаттағы автокөлікпен, компьютерлік техникамен және бағдарламалық қамтамасыз етумен жабдықталған.

2021 жылдың қорытындысы бойынша саланың мынадай даму көрсеткіштеріне қол жеткізілді: ел аумағының 70%-ы аэроғарыштық түсірілім материалдарымен қамтылды, Қазақстан Республикасы аумағының 65% цифрлық карталары жасалды және өзектендірілді.

Кездесу барысында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары экономиканың басқа салаларындағы жобалармен іске асырылып жатқан кәсіпорынның қызметімен, сондай-ақ аэроғарыштық түсірілім, топографиялық-геодезиялық және картографиялық жұмыстар жөніндегі өндірістік процестермен танысты.

Бұдан басқа, заманауи геодезиялық (тахеометрлер, цифрлық нивелирлер, ЖНСЖ-қабылдағыштар) және аэротүсірілім жабдықтары көрсетілді.

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттарына елімізде алғаш рет жүзеге асырылып жатқан «Қазақстан Республикасының Ұлттық кеңістіктік деректер инфрақұрылымы» мемлекеттік инвестициялық жобасының іске асырылу барысы туралы ақпарат ұсынылды. Жобаны іске асыру мерзімі: 2021-2024 жылдар.

Бұл жоба елді геодезиялық қамтамасыз етуді жаңғыртуды және QTRS (Qazaqstan Terrestrial Reference System) ұлттық координаттар жүйесін орнатуды көздейді.