
Қазақстан Республикасында еңбек құқықтарын қорғау саласындағы заңнаманы жетілдіру аясында еңбек заңнамасына өзгерістер енгізілді.
Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 27-бабының 1-1-тармағына сәйкес:
егер азаматтық-құқықтық шартта еңбек шартының белгілері болса, жеке тұлғамен мұндай шарт жасасуға жол берілмейді.
Мұндай жағдайда шарт атауына қарамастан еңбек шарты деп танылады және оған еңбек заңнамасының нормалары қолданылады.
Еңбек шартының белгілері
Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 27-бабына сәйкес еңбек қатынастарының негізгі белгілері:
* белгілі бір біліктілік, мамандық немесе лауазым бойынша жұмысты орындау;
* жұмысты жеке өзі орындау және ішкі еңбек тәртібіне бағыну;
* еңбекақы алу.
Еңбек шартын рәсімдеудің маңыздылығы
Ресми еңбекке орналасу қызметкерге келесі мүмкіндіктерді қамтамасыз етеді:
* зейнетақы аударымдары;
* әлеуметтік төлемдер (уақытша еңбекке жарамсыздықты қоса алғанда);
* ақылы еңбек демалысы;
* міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне қатысу;
* өзге де кепілдіктер мен өтемақылар.
Еңбек шартының болмауы қызметкерді әлеуметтік қорғаудан айырады және оның құқықтарын сот тәртібімен қорғауды қиындатады.
АҚСШ пен еңбек шартының айырмашылығы
Азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексімен реттеледі және:
* тапсырыс берушінің тапсырмасы бойынша нақты жұмыс орындау немесе қызмет көрсетуді;
* еңбек тәртібіне бағынудың болмауын;
* еңбек заңнамасында көзделген кепілдіктер мен әлеуметтік төлемдердің болмауын көздейді.
Шарттың тараптары – тапсырыс беруші мен орындаушы, ал еңбек қатынастарында – жұмыс беруші мен жұмыскер болып табылады.
Егер шартта еңбек шартының кемінде бір белгісі болса, ол еңбек шарты ретінде рәсімделуі тиіс.
АҚСШ тек еңбек қатынастарының белгілері болмаған жағдайда ғана қолданылуы мүмкін.