
Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті Ақмола облысының Щучинск қаласындағы қоғамдық тамақтану нысанында орын алған төтенше жағдай салдарынан қаза тапқандардың туған-туыстары мен жақындарына қайғыра көңіл айтады.
Алдын ала мәліметтерге сәйкес, тұрғын үйге жапсарлас орналасқан бір қабатты кафеде газ-ауа қоспасының жарылысы орын алып, кейін өрт шыққан. Оқиға салдарынан 28 адам зардап шегіп, жеті адам қаза тапты. Зардап шеккен азаматтарға қажетті медициналық көмек көрсетілуде.
Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігімен ведомствоаралық комиссия құрылды. Комиссия құрамына мүдделі мемлекеттік органдардың, бейінді министрліктердің және Ақмола облысы әкімдігінің өкілдері енгізілді. Қазіргі уақытта комиссия оқиғаның себептері мен мән-жайларын анықтау бойынша тиісті жұмыстар жүргізуде.
Комиссия жұмысы шеңберінде Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің төрағасы Ахметов Мейрамбек Маратұлы Бурабай ауданына жұмыс сапарымен барып, оқиға орнына барды.
Комиссияға оқиғаның себептерін жан-жақты, толық және объективті зерделеп, осындай жағдайлардың алдын алуға бағытталған қажетті ұйымдастырушылық және профилактикалық шараларды әзірлеу тапсырылды.