Қазақстанның ДКҰ Еуропа аймағы кеден қызметтері басшыларының конференциясына қатысуы

Қазақстанның ДКҰ Еуропа аймағы кеден қызметтері басшыларының конференциясына қатысуы

         2025 жылғы 29–30 сәуір күндері Брюссель қаласында Дүниежүзілік кеден ұйымының (ДКҰ) Еуропа аймағы кеден қызметтері басшыларының конференциясы өтті. Бұл маңызды іс-шараға Еуропа аймағына мүше елдердің кеден қызметтерінің өкілдері, ДКҰ басшылығы, Еуропалық комиссия мен халықаралық серіктес ұйымдардың өкілдері қатысты. Қазақстан тарапынан конференцияға Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің делегациясы қатысты.

       Конференция аясында халықаралық кедендік ынтымақтастықтың өзекті мәселелері талқыланды. Жиын ДКҰ Кеңесінің 2025 жылғы маусымда өтетін отырысына ұсыныстар әзірлеу мақсатында ұйымдастырылды және осы саладағы негізгі пікір алмасу алаңына айналды.

      Іс-шараны ДКҰ Еуропа аймағының вице-төрағасы Эйстейн Бёрмер ашып, өңірдегі реформалар мен әлеуетті арттыру бағдарламаларының нәтижелеріне тоқталды. Бұдан кейін сөз алған ДКҰ Бас хатшысы Иан Сондерс ұйымның жаңғырту жоспары мен 2025–2028 жылдарға арналған стратегиялық құжаттың іске асырылуы жөнінде баяндама жасады.

       Конференция барысында ДКҰ қызметінің негізгі бағыттары қаралды. Атап айтқанда, 2025–2026 жылдарға арналған бюджет жобасы, өңірлік оқу орталықтарын дамыту, «жасыл кеден» бастамасын қолдау, COP29 Баку декларациясын іске асыру және ұйымды институционалдық реформалау мәселелері көтерілді.

       Еуропа аймағының ДКҰ басшылық органдарындағы өкілдігіне де ерекше назар аударылды. Қазақстанның Саяси комиссиядағы өкілеттігі аяқталып жатқанын ескере отырып, өңір елдері еліміздің кандидатурасын 2025–2026 жылдарға ДКҰ Қаржы комитетінің құрамына ұсыну бастамасын қолдады.

        Қазақстан делегациясының бұл конференцияға қатысуы елдің халықаралық кедендік ынтымақтастықты дамытуға деген ниетін және цифрландыру, орнықтылық пен жаһандық сауданың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған бастамаларды қолдауға дайындығын көрсетті. Сонымен қатар, іс-шара аясында бірқатар елдердің кедендік әкімшіліктерімен екіжақты кездесулер өтіп, ынтымақтастықты кеңейту мәселелері талқыланды.