ЕАЭО-ның кедендік ережелері жетілдірілуде: бизнес пен мемлекет бірлесе жұмыс істеуде

ЕАЭО-ның кедендік ережелері жетілдірілуде: бизнес пен мемлекет бірлесе жұмыс істеуде

        Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕАЭО) мүше мемлекеттерде кеден заңнамасын жетілдіру жұмыстары жалғасуда. Бұл процеске мүше мемлекеттердің мемлекеттік органдары мен бизнес өкілдері бірлесіп қатысуда. ЕАЭО-ның Кеден кодексін жетілдіру жөніндегі ұсыныстар қазіргі ақпараттық жүйелер мен технологиялардың дамуын, электрондық сауда сияқты жаңа сауда түрлерінің пайда болуын, сондай-ақ логистика мен жаңа транзиттік бағыттардың даму үрдісін ескереді.

      Кеден заңнамасын жетілдірудің негізгі мақсаты – кедендік рәсімдерден өтуді жеңілдету. Атап айтқанда, кедендік транзит, еркін қойма, еркін кеден аймағы тәрізді рәсімдерді оңтайландыру, контейнерлерді көлік құралы ретінде кедендік декларациясыз және бақылаусыз тасымалдауды жеңілдету, жекелеген кедендік операцияларды жүзеге асыру уақытын қысқарту, процестерді автоматтандыру және жекелеген тауар санаттарын кеден шекарасы арқылы өткізу тәртібін оңайлату сияқты бірқатар мәселелерді қамтиды.

      Сондай-ақ жеке тұлғалардың жеке пайдалануына арналған тауарларды, экспресс-жүктерді және өзге де өзекті мәселелерді тасымалдауға қатысты Еуразиялық экономикалық комиссияның кейбір актілеріне өзгерістер енгізу мәселелері талқылануда. Барлық қабылдау рәсімдері аяқталғаннан кейін, жаңа нормалар ЕАЭО-ға мүше барлық мемлекеттердің аумағында күшіне енеді.

     Тараптардың ұсыныстарының басым бөлігі келісілген, алайда жекелеген мәселелер бойынша шешімдер қосымша қарастырылып, соның ішінде ЕЭК жанындағы Жұмыс тобы деңгейінде қабылданатын болады.

     Осылайша, бизнес пен мемлекеттің бірлескен жұмысының арқасында кедендік ережелер түсінікті, заманауи және тиімді бола түсуде.