«ХШЫО Қорғас» кеден бекетінде "POLISIA" айырым белгілері бар формалық киімді әкелу әрекеті анықталды

«ХШЫО Қорғас» кеден бекетінде "POLISIA" айырым белгілері бар формалық киімді әкелу әрекеті анықталды

         2025 жылғы 27 сәуірде  «ХШЫО Қорғас» кеден бекетінің қызметкерлері кедендік және шекаралық бақылауды тексеру барысында Қазақстан Республикасы Ішкі істер органдарының символикасы бар формалық киімнің ірі партиясын ("POLISIA" жазуы бар) ұстады.

       Аталған киімдер Қытай тарапынан қазақстандық бөлікке келушілердің жүгін тасымалдаған автокөлікті тексеру кезінде табылды. Жалпы салмағы 1 775 кг болатын 71 багаж орны тәркіленді.

       Қолданыстағы тәртіпке сәйкес, «ХШЫО Қорғас» арқылы өткен жеке тұлғалар сатып алған тауарларын арнайы тасымалдаушылар арқылы шекарадан өткізе алады. Алайда бұл жағдайда, әкелуге шектеу қойылған тауарлар санатына жататын өнім анықталды. Ресми символикасы бар формалық киімдер жеке пайдалануға арналған тауарлар қатарына жатпайды және арнайы тәртіппен әкелінуі тиіс.

       Естеріңізге сала кетейік, Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесінің 2017 жылғы 20 желтоқсандағы №107 шешіміне сәйкес, жеке пайдалануға арналған тауарлардың түрлері, салмақтық және құндық нормалары белгіленген. Бұл нормалар кедендік төлемдерден босатылатын жағдайларға қолданылады.

       Қазіргі уақытта аталған киімдер уақытша сақтау қоймасына орналастырылып, Қазақстан Республикасының заңнамасына және «Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы» Кодекске сәйкес процессуалдық іс-шаралар жүргізілуде.