Грузия. 2025 жылғы 10-11 сәуір Тбилиси қаласында Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Сейілжан Ахметов бастаған қазақстандық делегация, Халықаралық салық және инвестициялық орталық пен Грузияның Қаржы министрлігі бірлесіп ұйымдастырған «Жібек жолы» 17-ші салық форумына қатысты.
Форумның мақсаты – Еуразия елдеріндегі салық саясаты мен әкімшілендірудегі соңғы өзгерістерді талқылау, салық саласындағы өзекті мәселелерді шешу бойынша халықаралық тәжірибе мен озық практикалармен алмасу болды.
Форум шеңберінде «Жанама салықтар саясаты мен әкімшілендіру» екінші сессиясында төраға орынбасары Сейілжан Ахметов пен Қашықтан мониторинг басқармасы басшысының орынбасары Еламан Есбенбетов баяндама жасады. Баяндамада қабылданып жатқан салық реформалары, оның ішінде цифрлық шешімдерді қолдану туралы айтылды.
Қазақстан Республикасы Еуразия кеңістігіндегі салықтық ынтымақтастықты дамытуда маңызды рөл атқара отырып, «Салықтық Жібек жолы» аясындағы серіктестік байланыстарды нығайтуды жалғастыруда және өңірде тұрақты, әрі ашық салықтық орта қалыптастыруға елеулі үлес қосып келеді.