2025 жылғы 18-19 наурыз аралығында Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің Оқу-әдістемелік орталығы (ҚР ҚМ МКК ОӘО) мен Өзбекстан Республикасы Экономика және Қаржы министрлігі жанындағы Кеден комитетінің Кеден институты (ӨР ЭҚМ КК КИ) арасындағы өзара іс-қимыл аясында «Профильдеуді анықтау» және «Тексеру әдістері» өзекті тақырыптары бойынша онлайн дәрістері өткізілді.
Семинарға Өзбекстан Республикасы Кеден институтының курсанттары мен Қазақстан Республикасының өңірлік мемлекеттік кірістер органдарының қызметкерлері қатысты.
Іс-шараның мақсаты - тексеру рәсімдері контексінде сәйкестендіру және профилдеу негізгі қағидаттары мен әдістерін ашу, әлеуетті қауіптерді анықтаудың заманауи тәсілдерін зерделеу.
Семинарға қатысқан дәріскерлер:
– Касымбеков Ануар – ҚР ҚМ МКК Оқу-әдістемелік орталығының бас маманы;
– Файзуллаева Хуршида – ӨР ЭҚМ КК Кеден институтының қайта даярлау және біліктілікті арттыру факультетінің психолог-сарапшысы.
Іс-шара ашық диалог форматында өтті, онда қатысушылар сарапшыларға сұрақтар қойып, өз тәжірибелерімен бөлісті. Дәріс тыңдаушылары стандартты емес жағдайларға жедел әрекет етуге, қауіптердің алдын алуға және қауіпсіздік деңгейін арттыруға көмектесетін құнды білім алды. Бұл әсіресе жаһандық қауіп-қатерлердің артуы және шекараларда, әуежайларда, стратегиялық маңызды нысандарда бақылаудың күшеюі жағдайында аса маңызды.
Ұйымдастырушылар кеден саласында білім және практикалық тәжірибе алмасу бағытындағы нәтижелі әрі белсенді ынтымақтастықтың жалғасатынына үміт білдірді.