Платформалық жұмыспен қамту интернет-платформаларды және (немесе) платформалық жұмыспен қамтудың мобильді қосымшаларын пайдалана отырып, қызметтер көрсету немесе жұмыстарды орындау жөніндегі қызмет түрі болып табылады, ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті Арнаулы салық режимдерін әкімшілендіру басқармасының басшысы Ерқанат Шыңберген ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінде өткен баспасөз конференциясында айтып берді.
Платформалық жұмыспен қамтуды жүзеге асыру үшін тапсырыс беруші мен орындаушы интернет-платформада және (немесе) платформалық жұмыспен қамтудың мобильді қосымшасында тіркеледі.
Платформалық жұмыспен қамту тараптары интернет-платформа операторы, тапсырыс беруші және орындаушы болып табылады.
Оператор – орындаушы мен тапсырыс беруші арасында мәмілелер жасалатын интернет-платформаны ұсынатын ДК немесе ЗТ.
Тапсырыс беруші – бұл интернет-платформада тіркелген және қызмет көрсетуге немесе жұмыстарды орындауға тапсырысты орналастыратын ДТ немесе ЗТ.
Орындаушы – бұл интернет-платформада тіркелген, тапсырыс берушілерге қызмет көрсететін немесе интернет-платформаны қолдана отырып жұмыстарды орындайтын ДК немесе ЗТ.
Қазіргі уақытта платформалық жұмыспен қамту көптеген адамдар үшін ақша табудың бір әдісіне айналуда.
Сонымен қатар, тұрақсыз жұмыспен қамту және кірістер, «көлеңкелі экономиканың» өсуі, азаматтардың денсаулығы мен әл-ауқатын қорғауға, соның ішінде оларды сақтандыру жүйесіне қосуға мүмкіндік беретін дәстүрлі кепілдіктерге қолжетімділіктің болмауы сияқты платформалық жұмыспен қамту тәуекелдері де бар.
2023 жылдың қыркүйегінде ҚМ-ның Мемлекеттік кірістер комитеті платформалық жұмыспен қамту бойынша пилоттық жобаны іске қосты.
Бірінші кезеңде «Яндекс Такси Корп» ЖШС-мен ынтымақтастық туралы келісім жасалды. 19.06.2024 ж. жағдай бойынша пилоттық жобаға қатысушылар саны 12,2 мыңнан астам такси жүргізушілерін құрады.
Пилоттық жоба шеңберінде жүргізушілер дарае кәсіпкер ретінде тіркеледі және арнаулы мобильді қосымшаны пайдалана отырып, арнаулы салық режимін қолданады.
Пилоттық жобаға қатысу жүргізушілер үшін мынадай қолайлы жағдайларды ұсынады:
жүргізушілерді дара кәсіпкер ретінде интернет-платформада (салық органдарына бармай) тіркеудің оңайлатылған тәртібі;
төмен салық мөлшерлемесі (табыстың 1%);
такси парктерінің делдалдық қызметтерін жою, бұл үнемделген қаражатты салықтар мен әлеуметтік төлемдерді төлеуге бағыттауға мүмкіндік береді (осылайша такси жүргізушісі әлеуметтік қамсыздандыру жүйесіне тартылады);
салық декларацияларын толтыру қажеттілігінің болмауы (мобильді қосымша кірістер бойынша есепке алуды автоматты түрде қалыптастырады);
Яндекс мобильді қосымшасын «E-Salyq Business» салық қосымшасымен интеграциялау арқылы фискалдық чекті автоматты түрде беру.
Салық міндеттемелерін орындауды жеңілдету мақсатында МКК дара кәсіпкерлер үшін «E-Salyq Business» мобильдік қосымшасы әзірленді.
Мобильді қосымшаның функционалы дара кәсіпкер ретінде тіркелуге, салық режимін таңдауға немесе өзгертуге, чектер беруге, кірістер тізілімін қалыптастыруға, Оңайлатылған декларацияны алдын ала толтыруға, әлеуметтік төлемдер бойынша салықтар мен міндеттемелерді есептеуге, оның ішінде жұмыскерлер бойынша ДК тіркеу туралы, кірістер туралы анықтамалар мен хабарламалар алуға, салықтар төлеуге, сондай-ақ жеңілдетілген тәртіппен қызметті тоқтатуға мүмкіндік береді.
Бұдан басқа, арнаулы мобильдік қосымшаны пайдалана отырып, арнаулы салық режимін қолдана отырып қызметті жүзеге асыру кезінде дара кәсіпкердің салық есептілігін ұсыну бойынша міндеттемелері болмайды, өйткені «E-Salyq Business» мобильдік қосымшасының функционалы салықтар мен әлеуметтік төлемдерді есептеуді автоматты түрде жүргізуге мүмкіндік береді.
«E-Salyq-Business» мобильді қосымшасының басты артықшылығы уақытты үнемдеу болып табылады, кәсіпкерлерге ұялы телефонда салық органдарына бармай-ақ, алуға болатын қызметтердің барлық спектрі ұсынылған.
Пилоттық жоба шеңберінде ЖТС мөлшерлемелері 1%, міндетті зейнетақы жарнасы – мәлімделген кірістің 10%, 1 ЕТЖ-дан төмен емес, әлеуметтік аударымдар – мәлімделген кірістің 3,5%, 1 ЕТЖ-дан төмен емес, медициналық сақтандыруға жарналар – 1,4 ЕТЖ, орындаушы табысының 5% құрайды (кем дегенде 17,5 мың теңге).
Салықтар мен әлеуметтік төлемдерді есептеу тәртібін оңайлату, сондай-ақ такси жүргізушілеріне біркелкі және әділ жүктемені енгізу үшін әлеуметтік, салық кодекстеріне, сондай-ақ «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» Қазақстан Республикасының Заңына мыналарды көздейтін түзетулер әзірленді:
- бір мезгілде екі салық режимін қолдану құқығын беру (мобильді қосымшаны пайдалана отырып арнайы салық режимі және өзге де арнайы салық режимі);
-салық агентінің салықтар мен әлеуметтік төлемдерді ұстап қалу және төлеу жөніндегі интернет-платформа операторын тануы;
– төлемдердің әрқайсысы бойынша әлеуметтік төлемдер мөлшерлемелерінің мөлшерін 1%-ға дейін төмендету (әлеуметтік аударымдар – 1%, міндетті зейнетақы жарналары – 1%, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға жарналар – 1%) және жеке табыс салығының қолданыстағы мөлшерлемесін 1%, барлығы 4% мөлшерінде сақтау және оларды бірыңғай төлеммен төлеу.
Бұл түзетулер Парламент Сенатында қаралуда.
Алдағы уақытта пилотқа қатысуға басқа да платформаларды қосу жоспарлануда.
Бұдан басқа, интернет-платформада қызмет көрсететін тұлғалар үшін қолайлы жағдайлар жасау мақсатында жаңа Салық кодексін әзірлеу шеңберінде қызметті жеке кәсіпкер ретінде тіркеусіз жүзеге асыруды көздейтін «Платформалық жұмыспен қамту» арнаулы салық режимін енгізу ұсынылады. Салық міндеттемелерін орындау интернет-платформалар операторларына жүктелетін болады.