Жеке тұлғалардың банкроттығы бойынша қызмет eGov.kz порталында, eGov Mobile e - Salyq Azamat мобильді қосымшасында қолжетімді

Жеке тұлғалардың банкроттығы бойынша қызмет eGov.kz порталында, eGov Mobile  e - Salyq Azamat мобильді қосымшасында қолжетімді

Г

 «Соттан тыс банкроттық рәсімін қолдану» Мемлекеттік көрсетілетін қызмет e-Gov.kz электрондық үкімет порталында және e-Salyq Azamat, eGov Mobile мобильді қосымшаларында не қағаз жеткізгіште Халыққа қызмет көрсету орталығының жақын жердегі бөлімшесі арқылы қолжетімді. Қызмет соттан тыс банкроттық рәсімін қолдануға және тоқтатуға арыз беруді қарастырады. Бұл туралы Мемлекеттік кірістер комитетінде хабарлады.

3 наурызда азаматтардан банкроттық туралы өтініштерді қабылдау басталды. Сағат 16:00-дегі жағдай бойынша банкроттық туралы соттан тыс 1469 өтініш (eGov арқылы 1399, e-Salyq Azamat арқылы 70) түскен. Алғашқы өтініш электронды үкімет порталы арқылы Жамбыл облысынан сағат 09:05-те түсті.

Бейненұсқаулық мына сілтеме бойынша қолжетімді: https://www.youtube.com/watch?v=27pS8RgXUa0

2023 жылғы 3 наурызда күшіне енген «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес қазақстандықтар арызды eGov.kz порталы мен eGov Mobile, Salyq Azamat қосымшаларында не Халыққа қызмет көрсету орталығының жақын жердегі бөлімшесі арқылы қағаз түрінде бере алады.

Банкроттыққа арызды банкрот болып танылуға ниетті адамның өзі ғана бере алады.

Арызды берер алдында мынадай мәліметтерді тексеріңіз қажет:

- банктер, микроқаржы ұйымдары, коллекторлық агенттіктер алдындағы берешек 5,5 млн. теңгеден аспауы және кешіктіру мерзімі 12 айдан кем болмауы керек (mkb.kz);

- мүлікке, оның ішінде ортақ меншіктегі мүлікке меншік құқығының болмауы (Egov.kz.);

- өз телефоныңыздың және жұбайыңыздың нөмірін мобильді азаматтар базасында (MАБ) тіркеу. Ұялы телефон нөмірін тіркеу үшін my.egov.kz сілтемесі бойынша өту керек.

- арызға кредитормен (екінші деңгейдегі банкпен немесе микроқаржы ұйымымен) қарызды реттеу туралы құжат қоса беріледі.

Мыналар:

- банктің реттеуден бас тартуы;

- өтініштің көшірмесі не өтінішті электронды форматта жіберу туралы растау (банктен жауап болмаған жағдайда) реттеу құжаты деп саналады.

*коллекторлық агенттіктер алдындағы қарыз бойынша реттеу құжаты қажет емес;

егер қарыз 5 жылдан астам уақыт бойы өтелмесе – қарыз сомасы бойынша мен мүлік бойынша Шарттары ескерілмейді;

6 ай бойы Атаулы әлеуметік көмек алушы болып табылатын өтінім берушілер 12 ай кешіктіру мерзімін есепке алмай, осы рәсімді қолдануға арыз бере алады;

           Банкрот деп танудың салдары бар екенін атап өту қажет:

- 5 жыл ішінде қарыз және несие алуға тыйым салу (ломбардтардан микронесие алуды қоспағанда);

- қайталанатын банкроттық 7 жылдан кейін ғана мүмкін болады;

- банкрот болғаннан кейін 3 жыл бойы банкроттың қаржы жағдайына мониторинг жүргізілетін болады.

 

«Біз eGov.kz порталында, Salyq Azamat, eGov Mobile мобильді қосымшасында жеке тұлғалардың соттан тыс банкроттықты қолдануы үшін электронды арыз беру бойынша жаңа қызметті енгіздік. Тиісті мемлекеттік кірістер органдарына келіп түскен өтініштер мемлекеттік органдар мен ұйымдардың деректер базаларымен 30-дан астам интеграция іске асырылған, «Ақпараттық-есепке алу орталығы» АҚ-ның Qoldau.kz веб-порталындағы бэк-жүйеде автоматты түрде өңделеді.

          Форматтық-логикалық бақылауды пайдалана отырып, деректерді интеграциялау арқылы жүргізілген скоринг нәтижелері арыздарды өңдеу кезінде «адам факторын» толығымен жоюға және азаматтарды 1414 қызметінің SMS хабарламасы арқылы, яғни банкроттық рәсімінен бас тарту немесе қолдану туралы мемлекеттік қызметті көрсету нәтижелері туралы хабардар етуге мүмкіндік береді.

Соттан тыс банкроттық рәсімін қолданудан бас тарту туралы хабарламаны алған жағдайда азамат бас тартуға себеп болған негіздер жойылғаннан кейін, бірақ бас тартуды алған күннен кейінгі күнтізбелік 3 (үш) айдан ерте емес қайта жүгінуге құқылы.

Мүлкі болған жағдайда азаматтың төлем қабілеттілігін қалпына келтіру немесе сот арқылы банкроттық рәсімін қолдану бойынша сотқа арыз беруге құқығы бар», - екенін Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Қайрат Миятов атап өтті.