Қазақстандық делегация Дүниежүзілік кеден ұйымының өкілдерімен кездесті

Қазақстандық делегация Дүниежүзілік кеден ұйымының өкілдерімен кездесті

 ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің делегациясы ҚР ҚМ МКК төрағасының орынбасары Бақытжан Слямов және ҚР ҚМ МКК Халықаралық ынтымақтастық басқармасының басшысы Ермек Қожабергенов тұлғасында 2022 жылғы 23-25 маусым аралығында Дүниежүзілік кеден ұйымының штаб-пәтерінде өтетін Кедендік ынтымақтастық кеңесінің 139/140 сессияларының жұмысына қатысу үшін Бельгия Корольдігінің Брюссель қаласына келді. 

Ағымдағы жылғы 22 маусымда Халықаралық кеден қоғамдастығының басты оқиғасы қарсаңында қазақстандық делегация Бельгия Корольдігінің Кеден және акциздер бас басқармасының басшысы Кристиан Вандерваренмен кездесті.

Кездесу барысында тараптар кеден ісі саласындағы екіжақты ынтымақтастықтың перспективаларын талқылады.

Қазақстан делегациясының басшысы Бельгия стратегиялық экономикалық әріптес және Қазақстан экономикасының ірі инвесторларының бірі болып табылатынын атап өтті, кедендік әкімшілендіру мәселелерінде ынтымақтастықты нығайтудың маңыздылығына тоқталды.

К. Вандерварен Қазақстан Бельгияның Орталық Азия өңіріндегі негізгі әріптесі болып табылатынына сендірді және кеден мәселелерінде тығыз әрі өзара тиімді ынтымақтастық қажеттілігімен келісті.

Тараптар тауарлар мен көлік құралдарының үздіксіз қозғалысын қамтамасыз ету және халықаралық сауданы қолдау мақсатында, әсіресе жаһандық пандемиядан кейін ұлттық экономикаларды қалпына келтіру контексінде өзара тиімді серіктестікті нығайтуға дайын екендіктерін білдірді.

Кездесу соңында төрағаның орынбасары Б.Слямов К. Вандерваренді Қазақстан Республикасына сапармен шақырды.