Мемлекеттік кірістер комитетінің Электронды декларациялау орталығы бюджетке 7 млрд. теңге түсімді қамтамасыз етті

Мемлекеттік кірістер комитетінің Электронды декларациялау орталығы бюджетке 7 млрд. теңге түсімді қамтамасыз етті

11 мыңнан астам декларацияға Мемлекеттік кірістер комитетінің «Электронды декларациялау орталығы» түзетулер енгізді. Нәтижесінде бюджетке қосымша 7,3 млрд. теңге кедендік төлемдер мен салықтар түсті. Бұл туралы ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінде хабарлады.

 

2020 жылдың қыркүйегінде «Электронды декларациялау орталығы» пилоттық жобасы іске қосылған. Жоба шеңберінде тауарлардың кедендік құнын, тауарлардың жіктелуін, жеңілдіктер мен преференцияларды қолданудың дұрыстығын бақылауға бағдарланған тәуекел бейіндері бойынша құжаттық бақылау жүзеге асырылады.

Пилоттық жобаны сәтті өткізу қорытындысы бойынша 2021 жылғы қаңтарда Комитет құрамында «Электронды декларациялау орталығы» (ЭДО) құрылды.

Электронды декларациялау орталығының негізгі мақсаты - тауарлар декларациясын жедел қарау және тауарларды шығару арқылы бизнестің дамуына көмектесу.

«Тауарларды декларациялау кезінде декларант пен ЭДО қызметкері бір-бірін көрмей, қашықтықта болуы мүмкін, ал тауарлар кез-келген шекара маңындағы терминалдарда орналасуы мүмкін. Қажет болған жағдайда декларацияны қабылдаған ЭДО қызметкерінің тапсырмасы бойынша тауарлар орналастырылған тауарларды сақтау орындарында кедендік тексеру жүргізіледі», - деп атап өтті МКК.

Мұндай артықшылықтар кедендік операциялардан өту уақытын қысқартады және сыртқы экономикалық қызметке қатысушыларының шығындарын айтарлықтай қысқартады.

Орталықта тауарларға электронды декларацияны ресімдеудің артықшылықтары:  

- тауарлардың кедендік құнын бақылау процесін орталықтандыру және баға саясатының біркелкілігі;

- кеден бекеттерінде тауарлардың кедендік құнын анықтау әдістерімен маневр жасауды болдырмау, бұл өз кезегінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жоюға алып келеді;

-өзара іс-қимыл тек электронды нысанда жүргізілетіндіктен, яғни сыртқы экономикалық қызметке қатысушылары тексеру үшін қажетті құжаттар мен мәліметтерді «АСТАНА-1» ақпараттық жүйесі арқылы қашықтықтан ұсынатындықтан, уәкілетті лауазымды тұлға мен декларантты тексеретін байланысты алып тастау. Құжаттардың түпнұсқалығы электрондық цифрлық қолтаңбамен куәландырылады;

- құқық қолдану практикасының біркелкілігі;

- «кедендік тазарту» сапасын айтарлықтай арттыру.

Қазіргі уақытта Орталық 17 аумақтық мемлекеттік кірістер департаменттерінің 67 кеден бекеті бойынша кедендік бақылау жүргізуде.

Мұндай бақылауды орталықтандыру оң нәтиже көрсетті. 2021 жылғы қаңтардан 14 қыркүйекке дейін мемлекет бюджетіне қосымша 7,3 млрд.теңге сомасында кедендік төлемдер мен салықтар есептелді және өндірілді.

Тауарларға 11 мыңнан астам декларация түзетілді. Тауарларға арналған 1 декларацияны түзету бойынша орташа өндіріп алу 640 мың теңгені құрайды.

Сондай-ақ МКК тауарларды кедендік декларациялау кезінде бақылау тәуекелдерді басқарудың автоматтандырылған жүйесі негізінде жүзеге асырылатынын еске салды. Тәуекелдерді басқарудың жүйесінің көмегімен жоғары деңгейдегі тәуекел салаларына назар аударылады, осылайша кеден органдарының ресурстарын тиімді пайдалану қамтамасыз етіледі.

Профильдер мен тәуекелдер индикаторларындағы ақпарат кейбір жағдайларды қоспағанда, құпия болып табылады. Тәуекел деңгейі адам факторынсыз, автоматты есептеу арқылы анықталады.