Мобильдік аударымдарға қатысты

Мобильдік аударымдарға қатысты

Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігінің Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттарына, «Ақ жол» ҚДП, мобильдік аударымдарға қатысты сұрау салуына жолдаған жауабы.

 

«Құрметті депутаттар!

 

Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі (бұдан әрі - Министрлік), мобильдік аударымдарға қатысты 2021 жылғы 4 наурыздағы № ДЗ-88 сұрау салуды қарастырып, келесіні хабарлайды.

Банк өнімдерін дамыту есебінен қолма-қол ақша айналымының басым бөлігі қолма-қол ақшасыз ортаға көшті. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің деректері бойынша 2019-2020 жылдар кезеңінде қолма-қол ақшасыз транзакциялардың саны 2,4 еседен астамға өсіп, 35,3 трлн.теңгеге жеткен, төлем карталарын пайдалана отырып қолма-қол ақшаны алу көлемінің 2015 жылғы 89,6% - дан 2020 жылдың қорытындысы бойынша 32,6% - ға дейін қарқынды төмендеуі байқалады.

Жедел аударымдардың енгізілуімен банк секторы жеке тұлғалардың мобильді қаржылық операцияларға қол жетімділігін жақсартты және кеңейтті. Сонымен қатар, тек жеке тұлғалар арасындағы транзакцияларға арналған жедел аударымдар кәсіпкерлік қызметте кеңінен қолданыла бастады.

Ал банк Банк Шартының талаптарына сәйкес 1 клиент Шот пен Картаны кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру мақсатында пайдаланбауға міндеттенеді.

Осылайша, бұл банктік қызмет нақты айналымдарды жасыруға мүмкіндік беретін және көлеңкелі айналымдардың дамуына ықпал ететін құрал ретінде қолданылады.

Мемлекет тарапынан бизнесті жайлы дамыту үшін барлық жағдай жасалған, шамамен 1,2 млн. микро және шағын бизнес субъектілері үш жылға табысынан салық төлеуден босатылған және тексеруге үш жылдық мораторий қолданылады.

Бұл ретте, мораторий қолданылған кезеңде бизнес тарапынан барлық қолданыстағы заңнамалық нормалардың адал орындалуы күтілді.

Төлемнің осы түрін пайдалана отырып, жосықсыз кәсіпкерлер тарапынан кассалық чектер берілмейді (2020 жылы 17 мыңнан астам шағым түскен), салық есептіліктерінде айналымдар көрсетілмейді, аударымдар тауарларды өткізу немесе қызметтерді көрсету кезінде оған қатысы жоқ немесе бизнес субъектілері ретінде тіркелмеген үшінші тұлғалардың атына келіп түседі, нәтижесінде Қазақстан Республикасы Салық кодексінің, «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының және Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің нормалары бұзылады.

Аударымдардың коммерциялық мақсаттарда кеңінен таралуына байланысты Министрлік Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкімен, Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен, Қазақстан қаржыгерлерінің қауымдастығымен және екінші деңгейдегі банктермен бірлесіп қолданыстағы тетікті сақтай отырып, мобильдік аударымдарды жеке және кәсіпкерлік мақсаттарға бөлу жөніндегі функционалды заңнамалық реттеу және іске асыру мәселелерін пысықтауда.

Бүгінгі таңда бірқатар ұсыныстар мен заңнамалық бастамалар анықталды:

- кәсіпкерлік қызметке арналған жеке шотты пайдалану;

- олар бойынша мәліметтерді Мемлекеттік кірістер органдарына беру (Қазақстан Республикасы Салық кодексінің POS-терминалдар бойынша мәліметтерді беру 2 жөніндегі қолданыстағы нормасына ұқсас);

- «мобильді төлемдер» ұғымының анықтамасы»;

- кәсіпкерлік қызметке арналмаған шоттарды пайдалана отырып, ең жоғары ықтималдықпен табыс алу белгілерін анықтайтын тәуекелдерді басқару жүйесін әзірлеу.

Жоғарыда көрсетілген бастамалар салықтың жаңа түрі болып табылмайды және салық есептіліктерінде және салықтарды төлеуде мәліметтердің дұрыс және толық көрсетілуіне бағытталған. Бұл ретте, болжанып отырған шаралар жеке тұлғалардың жеке мақсаттардағы аударымдарына әсер етпейтінін атап өтеміз.

2020 жылы тиісті заңнамалық актілерге енгізілген осы түзетулер қолдау тауып, банк секторымен келісілді. Ағымдағы жылдың қаңтарында «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы (Салық кодексі)» Қазақстан Республикасының Кодексіне түзетулер Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігінде салық салу мәселелері жөніндегі жұмыс тобының отырыстары аясында талқыланып, қабылданды, ілеспе заңнамалық актілерге түзетулерді қарау жоспарлануда.

Жосықсыз кәсіпкерлерді анықтау мақсатында тәуекелдерді басқарудың болжамды жүйесінен басқа, дәлелдеу базасының кешені жиналатын болады. Мысалы, сауда объектісінің сөресінде аударымдарды қабылдау туралы ақпараттың болуы және телефон нөмірін көрсету, сатушы аударымды алу және фискалдық чекті бермеу фактілері туралы тұтынушылар тарапынан келіп түсетін шағымдардың болуы, ұзақ уақыт бойы кассалық тәртіптің төмендеуі, Мемлекеттік кірістер органдарының талаптары мен ұсынымдарын бірнеше рет елемеу. Мұқият талдау қорытындысы бойынша осындай тұлғалардың атына бұзушылықтарды өз бетінше жою үшін хабарламалар жіберілетін болады.

Сонымен қатар, кейбір банктер қажетті сервистерді іске асыруға кірісті, Kaspi bank АҚ жеке кәсіпкерлерге арналған Kaspi pay мобильді қосымшасын әзірледі, онда сатып алушылар қолданыстағы Kaspi қосымшасы арқылы QR кодты сканерлеу арқылы төлем жүргізеді. Өткен жылдың қыркүйек айынан бастап 2021 жылдың 30 наурызына дейін белсенді серіктестер саны 62 мың кәсіпкерді құрады, ағымдағы жылдың соңғы айында 11 мыңнан астам жеке кәсіпкерлер қосылды, транзакция көлемі 65 млрд.теңгені және аптасына 15 млрд. теңгеден астам соманы құрады. Шамамен 3 млн. банк клиенттері төлемдерді әзірленген қосымша арқылы жасады.

Осылайша, жоспарланған түзетулер жеке тұлғалардың, адал салық төлеушілердің жеке аударымдарын қозғамайды және салық мониторингін жүргізу кезінде тиімділікті арттыруға, Қазақстан Республикасы заңнамасының нормаларын сақтауға және салық төлеуден жалтарудың алдын алуға бағытталған.

Бұл ретте, ауыртпалықсыз енгізу мақсатында аталған түзетулер мен оларды іске асыру мерзімдері міндетті түрде бизнес қоғамдастықпен талқыланатынын атап өтеміз.

 

 

Құрметпен,

Министр Е. Жамаубаев»