31 шілдеден бастап ЕАЭО-да тауарларды тасымалдау кезінде навигациялық пломбаларды қолдану кеңеюде

31 шілдеден бастап ЕАЭО-да тауарларды тасымалдау кезінде навигациялық пломбаларды қолдану кеңеюде

      ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті, 2026 жылғы 31 шілдеден бастап Еуразиялық экономикалық одақ аумағында тауарлардың тасымалын қадағалау үшін навигациялық пломбаларды енгізудің екінші кезеңі басталатынын хабарлайды.

      Навигациялық пломба – бұл көлік құралына орнатылатын және нақты уақыт режимінде тасымалдау процесін бақылауға мүмкіндік беретін электрондық құрылғы. Оны қолдану тауарлардың сақталуын қамтамасыз етуге, тасымалдардың ашықтығын арттыруға, жүктерді тасымалдау процесінде мемлекеттік бақылауды барынша азайтуға мүмкіндік береді.

      2026 жылғы 11 ақпанда басталған навигациялық пломбаларды енгізудің бірінші кезеңі ЕАЭО-ға мүше екі және одан да көп мемлекеттердің аумағы бойынша халықаралық тасымалдау кезінде осы тетіктің тиімділігін растады.

      Енді навигациялық пломбаларды пайдалану міндетті болып табылатын тасымалдар тізімі кеңейтілуде.

      31 шілдеден бастап навигациялық пломбалар:

     - транзит кедендік рәсімі шеңберінде өткізілетін тауарлардың барлық санаттарын автомобильдік тасымалдау кезінде (ЕЭК Кеңесінің 12.12.23 жылғы № 147 шешімінде көзделген жекелеген санаттарды қоспағанда);

      - алкоголь, темекі өнімдерін, санкциялық тауарларды, сондай-ақ үлбір бұйымдарын, аяқ киімді, киімді және электрониканы теміржол арқылы тасымалдау кезінде қолданылады.

       МКК тасымалдаушыларға, экспедиторларға, сондай-ақ экспорттаушыларға, импорттаушыларға және сыртқы экономикалық қызметтің басқа да қатысушыларына жаңа талаптармен алдын ала танысуып, оларды тасымалдарды жоспарлау кезінде ескеруді ұсынады, бұл шекараны кесіп өту кезінде кідірістерді болдырмауға, үздіксіз логистиканы және жүктерді жеткізудің белгіленген мерзімдерін сақтауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

      Навигациялық пломбаларды енгізу 2022 жылғы 19 сәуірдегі Еуразиялық экономикалық одақта тасымалдауды қадағалау үшін навигациялық пломбаларды қолдану туралы келісімге және Еуразиялық экономикалық комиссия органдарының шешімдеріне сәйкес жүзеге асырылады.