
2026 жылғы 5–11 шілде аралығында ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің салық қызметтері басшыларының үйлестіру кеңесінің жұмыс тобының кезекті отырысы өтті. Кездесудің негізгі мақсаты – азаматтар мен бизнеске көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді адамға бағдарланған қағидат негізінде жетілдіру.
Отырысқа Армения, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан, Беларусь елдерінің делегациялары, сондай-ақ ТМД Атқарушы комитетінің өкілдері қатысты.
Қазақстан Республикасы атынан іс-шараға ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің Мемлекеттік көрсетілетін қызмет басқармасының басшысы Думан Кансеитов қатысты.
Қатысушылар азаматтар мен кәсіпкерлерге мемлекеттік қызметтерді қолжетімді әрі ыңғайлы ету бағытындағы салық органдарының жұмысын жетілдіру мәселелерін талқылады. Мемлекеттік қызметтерді ең алдымен адамдар мен бизнестің қажеттіліктеріне бейімдеуді көздейтін клиентке бағдарланған тәсілді енгізуге ерекше назар аударылды.
Сонымен қатар, қатысушылар салықтық әкімшілендіруде жасанды интеллекті қолдану тәжірибесімен, қызмет көрсету сапасын жақсарту үшін салық төлеушілердің пікірлерін пайдалану жолдарымен бөлісті. Сондай-ақ Ресей Федералдық салық қызметінің озық тәжірибесі мен азаматтармен өзара іс-қимылдың заманауи тәсілдері енгізілген мемлекеттік қызмет көрсету орталықтарының жұмысы таныстырылды.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар ынтымақтастықты жалғастыруға, үздік тәжірибелермен алмасуға және заманауи цифрлық шешімдерді бірлесіп дамытуға келісті. Бұл ТМД елдерінің салық қызметтеріне мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыруға, оларды азаматтар мен бизнес үшін қолайлы әрі тиімді етуге мүмкіндік береді.