
Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕАЭО) мүше мемлекеттерден тауарларды әкелу кезінде қосылған құн салығы (ҚҚС) бойынша есепке жатқызу әдісін қолдану тәртібін түсіндіреді.
Салық кодексінің 509-бабына сәйкес салық заңнамасының талаптарына сәйкес келетін ҚҚС төлеушілер есепке жатқызу әдісін қолдана алады.
Есепке жатқызу әдісін қолданған кезде импортталатын тауарлар бойынша ҚҚС сомасы бір мезгілде ҚҚС бойынша декларацияда есептелген салық ретінде де, есепке жатқызылатын сома ретінде де көрсетіледі. Белгіленген талаптар толық сақталған жағдайда тауарларды әкелу кезінде бюджетке іс жүзінде ҚҚС-ты төлеу жүргізілмейді.
Есепке жатқызу әдісі:
* одан әрі өткізуге немесе халықаралық қаржылық лизингке беруге арналмаған тауарларға;
* қаржылық лизингке (халықаралық қаржылық лизингті қоспағанда) беру үшін әкелінетін тауарларға;
* бекітілген тізбеге енгізілген ауыл шаруашылығы техникасын өндіру кезінде пайдаланылатын тауарларға қолданылады.
Есепке жатқызу әдісі қолданылатын тауарлардың тізбесі, сондай-ақ оны қалыптастыру қағидалары Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2025 жылғы 31 желтоқсандағы №1199 қаулысымен бекітілген.
Тауарларды әкелу және жанама салықтарды төлеу туралы өтінішпен бірге Салық кодексінің 530-бабының 2-тармағында көзделген құжаттарды, сондай-ақ тауарды ЕАЭО СЭҚ ТН бойынша сыныптау үшін қажет болатын, оның техникалық және коммерциялық сипаттамаларын растайтын құжаттарды ұсыну қажет.
Есепке жатқызу әдісі қолданыла отырып әкелінген тауарлар нысаналы мақсаты бойынша импортталған тауарлардың басым бөлігі үшін 5 жыл, ал ауыл шаруашылығы құстары үшін 18 ай ішінде пайдаланылуға тиіс.
Егер осы кезең ішінде тауар өткізілсе, халықаралық қаржылық лизингке берілсе немесе белгіленген шарттарды бұза отырып пайдаланылса, ҚҚС бюджетке төленуге тиіс. Бұл ретте өсімпұл тауарларды импорттау кезінде ҚҚС төлеу үшін белгіленген күннен бастап есептеледі.
Мемлекеттік кірістер комитеті салық төлеушілерге есепке жатқызу әдісін қолданғанға дейін импортталатын тауардың бекітілген тізбеге енгізілгеніне, оның ЕАЭО СЭҚ ТН бойынша дұрыс сыныпталғанына және белгіленген мерзім ішінде нысаналы мақсаты бойынша пайдаланылатынына көз жеткізуді ұсынады.