
Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті мемлекеттік шекара арқылы мұнай өнімдерінің тасымалдануына бақылауды күшейтті. Бұл жұмыс Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің тапсырмаларын орындау шеңберінде жүргізілуде және жанар-жағармай материалдарының (ЖЖМ) заңсыз әкетілуінің жолын кесуге, ішкі нарықты қорғауға және қолданыстағы заңнама талаптарының сақталуын қамтамасыз етуге бағытталған.
Бақылау автомобиль өткізу пункттерінде тікелей жүзеге асырылумен қатар, шекара маңындағы аудандарда көлік құралдарының қозғалыс бағыттары бойынша мобильді топтар арқылы да жүргізілуде. Сонымен қатар, ішкі нарықтағы ахуалға күн сайын мониторинг жүргізіліп, жанармай құю станцияларындағы отын өткізу көлемі мен шағын мұнай өңдеу зауыттарының қызметі талдануда.
Бақылау күшейтілген сәттен бастап мобильді топтар 122 автоцистернаны тексерді. Жекелеген жағдайларда сараптама жүргізу үшін жанармайдан сынамалар мен үлгілер алынды.
Нәтижесінде жалпы көлемі 16 мың литрден асатын жанар-жағармай материалдарын заңсыз әкетудің 392 фактісінің жолы кесілді. Көп жағдайда отынды арнайы жабдықталған қосымша бактарда және жанармай канистрлерінде алып шығуға әрекет жасалған.
Мәселен, 6 шілдеде Батыс Қазақстан облысындағы «Сырым» автомобиль өткізу пунктінде жүк көлігіне қосымша орнатылған бакта жасырылған 1,2 мың литр дизель отынын заңсыз әкету әрекетінің жолы кесілді.
8 шілдеде Павлодар облысының Железин ауданында мобильді топ «Үрлі-төбе» өткізу пункті бағытымен келе жатқан автожолда тауарға ілеспе құжаттарсыз 4 мың литрден астам бензин тасымалдаған автокөлік құралын ұстады.
Жүргізіліп жатқан жұмыстарды үйлестіру мақсатында Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Жандос Дүйсембиев Қазақстан–Өзбекстан мемлекеттік шекарасы учаскесіне жұмыс сапарымен барып, бақылау
іс-шараларының ұйымдастырылуына баға беріп, бақылауды одан әрі күшейту бойынша нақты міндеттер қойды.
Бұдан бөлек, Жол картасын іске асыру аясында шекара маңындағы жанармай құю станциялары мен шағын мұнай өңдеу зауыттарының қызметіне жүргізілген талдау нәтижелері бойынша 103 хронометраждық зерттеу тағайындалып, өзге де бақылау іс-шаралары жүргізілуде.
Мемлекеттік кірістер комитеті жанар-жағармай материалдарының заңсыз әкетілуінің жолын кесу, мемлекеттің экономикалық мүдделерін қорғау және мемлекеттік шекара арқылы тауарлардың қозғалысының ашықтығын қамтамасыз ету бойынша кешенді жұмыстарды жалғастырады.