Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Шымкент қаласының тұрғындарымен кездесті: басты назарда - салық төлеушілерге сервистік қызмет көрсету және ашық диалог

Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Шымкент қаласының тұрғындарымен кездесті: басты назарда - салық төлеушілерге сервистік қызмет көрсету және ашық диалог

        2026 жылғы 8 шілдеде Шымкент қаласында Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Жандос Дүйсембиев қала тұрғындарымен, бизнес-қоғамдастық, қоғамдық бірлестіктер және сарапшылар қауымдастығының өкілдерімен кездесу өткізді.

       Кездесу барысында мемлекеттік кірістер органдарының сервистік моделін дамыту, мемлекеттік қызметтерді цифрландыру және салықтық әрі кедендік әкімшілендіруді жетілдіру мәселелері талқыланды.

       Кездесуді аша отырып, Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы бүгінде Комитеттің басты міндеті адал салық төлеушілер үшін барынша қолайлы жағдай жасау екенін атап өтті.

      «Біздің мақсатымыз – азаматтар мен бизнестің мемлекеттік кірістер органдарымен өзара іс-қимылын барынша қарапайым, ыңғайлы және түсінікті ету. Біз бақылау тәсілінен сервистік модельге кезең-кезеңімен көшіп келеміз. Бұл модель аясында мемлекет салық төлеушінің сенімді серіктесі ретінде әрекет етеді. Осы бағытта цифрлық шешімдер енгізіліп, үдерістер автоматтандырылуда, мемлекеттік қызметтерді көрсету мерзімдері қысқартылып, әкімшілік кедергілер азайтылуда», – деп атап өтті Жандос Дүйсембиев.

       Бүгінде Комитет 40 мемлекеттік қызмет түрін ұсынады, оның 90 пайыздан астамы электрондық түрде қолжетімді. Бұл азаматтар мен кәсіпкерлерге мемлекеттік кірістер органдарына жүгінбей-ақ, қызметтердің басым бөлігін онлайн режимде алуға мүмкіндік береді. Цифрландыру және автоматтандыру саласындағы негізгі міндеттердің бірі – электрондық форматта көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің үлесін 99 пайызға дейін арттыру.

      2026 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша 7,5 миллионнан астам мемлекеттік қызмет көрсетілді, оның 99,7 пайызы электрондық түрде ұсынылды.

     Жыл басынан бері Мемлекеттік кірістер комитетінің байланыс орталығы 412 мың кеңес ұсынылды. Көрсетілген кеңестер бойынша жауаптарға қанағаттану деңгейі 98 пайызды құрады.

     Сонымен қатар салықтық және кедендік әкімшілендіруді автоматтандыру, проактивті сервистерді дамыту, ақпараттық жүйелерді жетілдіру және бизнеске түсетін әкімшілік жүктемені төмендету бағытындағы жұмыстар жалғасуда.

     Кездесу барысында жаңа Салық кодексін іске асыру, салықтық әкімшілендіруді жетілдіру, кедендік рәсімдерді оңтайландыру, бақылау-касса машиналарын қолдану, электрондық шот-фактуралар жүйесін дамыту, сондай-ақ салық төлеушілермен өзара іс-қимылдың цифрлық құралдарын жетілдіру мәселелеріне ерекше назар аударылды.

      Комитеттің ең көп сұранысқа ие цифрлық сервистерінің бірі – «Электрондық шот-фактуралар» ақпараттық жүйесі. Қазіргі таңда аталған жүйені шамамен 1,7 миллион салық төлеуші пайдаланады, оның ішінде 689,4 мың заңды тұлға және 1 миллион жеке кәсіпкер бар. Жалпы ақпараттық жүйеде 1 миллиард 728 миллион электрондық шот-фактура рәсімделген. Бұл көрсеткіш аталған сервистің бизнес өкілдері арасында кеңінен қолданылып, сұранысқа ие екенін көрсетеді.

      2020 жылдан бастап Мемлекеттік кірістер комитеті мемлекеттік кірістер органдарының сервистерін екінші деңгейдегі банктердің мобильді қосымшаларына белсенді түрде енгізіп келеді. Қазіргі таңда бұл платформаларда 20-дан астам сервис қолжетімді (жеке кәсіпкерді тіркеу, тіркеу деректеріне өзгерістер енгізу, салық салу режимін өзгерту, берешек туралы ақпаратты тексеру, көлік және мүлік салықтары бойынша есептелген сомаларды қарау, салықтарды төлеу, салық күнтізбесін пайдалану, көлік салығын есептеу калькуляторы, жалпыға бірдей декларациялау аясында жеке тұлғалардың салық есептілігін ұсыну, арнаулы салық режимдері бойынша салық есептілігін тапсыру және басқа да қызметтер бар).

       Сервистік модельді дамыту аясында салық төлеушіні тіркелген сәтінен бастап қызметін тоқтатқанға дейін сүйемелдеуге мүмкіндік беретін, оның ішінде алдын алу сипатындағы цифрлық сервистерді қамтитын кешенді жүйені қалыптастыру жоспарлануда. Қазіргі уақытта салық төлеушілерді электрондық түрде хабардар ету сервистері, интеграцияға арналған  API-сервистер, салық міндеттемелерін орындауға көмектесетін сервистер, салық есептілігін алдын ала толтыру және басқа да цифрлық шешімдер енгізілді.

        Кездесу ашық диалог форматында өтті. Тұрғындар мен бизнес өкілдері салықтық әкімшілендіру, кедендік рәсімдер, салық міндеттемелерін орындау, мемлекеттік қызметтерді алу және заңнаманың жекелеген нормаларын қолдану мәселелері бойынша өз сұрақтарын қойды. Барлық көтерілген мәселелер бойынша жан-жақты түсіндірмелер беріліп, қатысушылардың ұсыныстары Комитет қызметін одан әрі жетілдіру барысында ескерілетін болады.