Шығыс Қазақстан облысында Мемлекеттік кірістер комитеті Төрағасының азаматтармен және бизнес-қоғамдастық өкілдерімен кездесуі өтті

Шығыс Қазақстан облысында Мемлекеттік кірістер комитеті Төрағасының азаматтармен және бизнес-қоғамдастық өкілдерімен кездесуі өтті

      2026 жылғы 15 маусымда Өскемен қаласында Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің Төрағасы Жандос Дүйсембиевтің Шығыс Қазақстан облысының тұрғындарымен ашық кездесуі өтті.

      Іс-шара «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру аясында ұйымдастырылып, мемлекеттік органдар, азаматтар және өңірдің бизнес-қоғамдастығы арасындағы ашық диалогты дамытуға бағытталды.

      Кездесу барысында МКК Төрағасы қатысушыларды мемлекеттік кірістер органдары қызметінің негізгі бағыттарымен, салықтық және кедендік әкімшілендіруді жетілдіру бойынша атқарылып жатқан жұмыстармен, сондай-ақ мемлекеттік қызметтерді цифрландыру және заманауи ақпараттық жүйелерді дамыту жөнінде қабылданып жатқан шаралармен таныстырды.

      «Бүгінде біздің алдымызда бюджетке түсетін түсімдердің толықтығын қамтамасыз ету ғана емес, сонымен қатар азаматтар мен бизнес үшін барынша қолайлы жағдай жасау міндеті тұр. Салық және кеден салаларында жүзеге асырылып жатқан барлық өзгерістер рәсімдерді жеңілдетуге, ашықтықты арттыруға және мемлекеттік қызметтердің сапасын жақсартуға бағытталған», – деп атап өтті Жандос Дүйсембиев.

       Кездесу барысында салық және кеден заңнамаларындағы өзекті өзгерістерге, мемлекеттік қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыру мәселелеріне, кәсіпкерлік қызметті жүргізуге қолайлы жағдайлар жасауға, адал салық төлеушілерді қолдауға және халық пен бизнеспен өзара іс-қимылдың сервистік моделін одан әрі дамытуға ерекше назар аударылды.

      Кездесу ашық диалог форматында өтті. Облыс тұрғындары, бизнес өкілдері, қоғамдық бірлестіктер мен сарапшылар қауымдастығының мүшелері өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, салықтық және кедендік әкімшілендіруді жетілдіру бойынша ұсыныстарын айтып, мемлекеттік кірістер органдарымен өзара іс-қимыл барысында туындайтын өзекті мәселелерді талқылауға мүмкіндік алды.

      «Біз үшін кері байланыс өте маңызды. Ашық диалог азаматтар мен кәсіпкерлердің сұраныстарын тереңірек түсінуге, туындайтын мәселелерге дер кезінде ден қоюға және экономиканың дамуына әрі мемлекеттік қызметтердің сапасын жақсартуға ықпал ететін шешімдерді бірлесіп әзірлеуге мүмкіндік береді», – деп атап өтті МКК Төрағасы.

       Кездесу қорытындысы бойынша Жандос Дүйсембиев барлық қойылған сұрақтарға жауап беріп, азаматтарды жеке қабылдады.