Ақмола облысында ТМД елдерінің кеден қызметтері басшылары кеңесінің 82-отырысы өтті

Ақмола облысында ТМД елдерінің кеден қызметтері басшылары кеңесінің 82-отырысы өтті

       2026 жылғы 11 маусымда Бурабайда Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің Кеден қызметтері басшылары кеңесінің (ТМД КҚБК) 82-отырысы өтті.

      Кеңес кедендік әкімшілендіруді дамыту, кедендік бақылауды жетілдіру және ТМД кеңістігіндегі экономикалық ынтымақтастықты нығайту бойынша келісілген тәсілдерді қалыптастыратын негізгі мемлекетаралық үйлестіруші орган болып табылады.

     Отырысқа Достастыққа қатысушы мемлекеттердің кеден қызметтерінің басшылары мен өкілдері қатысты.

      Кездесу барысында сауда-экономикалық байланыстарды одан әрі дамытуға, кедендік әкімшілендірудің тиімділігін арттыруға, транзиттік тасымалдарды жеңілдетуге және кеден органдарының қызметіне заманауи цифрлық шешімдерді енгізуге бағытталған кең ауқымды мәселелер қаралды.

      Отырыс қорытындысы келесі бағыттар бойынша шешімдер қабылданды:

     - перспективалы ақпараттық технологияларды енгізу, процестерді автоматтандыру, сондай-ақ инспекциялық-тексеру кешендері мен рентгендік бейнелерді талдау технологияларын қолдану тәжірибесімен алмасу;

    - өзара саудадағы мәліметтермен алмасу, тауарлардың кедендік құны туралы деректер алмасудың тиімділігін арттыру, сыртқы экономикалық қызметке қатысушыларды тіркеу және сәйкестендіру тетіктерін құру, сондай-ақ транзиттік тасымалдарды жеңілдету туралы меморандум мәселелері;

   - кеден қызметтерінің құқық қорғау бөлімшелерінің жұмыс регламенті, құқық бұзушылықтарға қатысы бар тұлғалар туралы ақпарат алмасу, сондай-ақ Кедендік сараптамалар мен зерттеулер орталығының қызмет ету мәселелері;

   - кеден саласындағы ТМД-ның халықаралық-құқықтық базасын өзектендіру, оның ішінде практикалық маңызын жоғалтқан жекелеген келісімдер мен хаттамалардың күшін қайта қарау және тоқтату.

     Сонымен қатар, отырысқа қатысушылар Дүниежүзілік кеден ұйымы шеңберінде ТМД мемлекеттерінің ұстанымдарын үйлестіру мәселелерін, сондай-ақ Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының алдағы 35 жылдығына арналған іс-шараларды талқылады.

     Отырыста сөз сөйлеген Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің Төрағасы Жандос Дүйсембиев ТМД Кеден қызметтері басшылары кеңесінің форматы Достастық мемлекеттерінің кеден әкімшіліктері арасындағы практикалық өзара іс-қимылды нығайтуға және бірлескен шешімдерді қабылдауға арналған тиімді алаң болып қала беретінін атап өтті.