
2026 жылғы 11 маусымда Бурабайда Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕАЭО) мүше мемлекеттердің Кеден қызметтері біріккен алқасының (КҚБА) 54-отырысы өтті. Бұл – ЕАЭО кеңістігінде бірыңғай кеден саясатын іс жүзінде іске асыруды қамтамасыз ететін негізгі үйлестіруші орган болып табылады.
Отырыс 2026 жылғы 29 мамырда өткен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысында мемлекет басшылары қабылдаған шешімдерді іске асыру аясында өтті. Бұл талқыланған мәселелердің өзектілігін одан әрі арттырды.
Алқа жұмысына ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің кеден қызметтерінің басшылары мен делегация өкілдері қатысты.
Кездесуде интеграциялық үдерістерді одан әрі дамыту, кедендік әкімшілендіруді цифрлық трансформациялау, өзара саудадағы кедергілерді жою және Одақ кеңістігінде заманауи логистикалық шешімдерді қалыптастыру мәселелеріне ерекше назар аударылды. Сонымен қатар қатысушылар Біріккен алқаның алдыңғы отырысында қабылданған шешімдердің орындалу барысы туралы ақпаратты тыңдады.
Отырыс барысында кең ауқымды мәселелер қаралып, тиісті шешімдер қабылданды:
- тауарлардың жекелеген санаттарын сыныптау тәсілдерін жетілдіру, электрондық сауда тауарларын қайтаруды реттеу және жеке пайдалануға уақытша әкелінген көлік құралдарын бақылау;
- мультимодальды, оның ішінде контрейлерлік тасымалдарды дамыту, кедендік транзитті әкімшілендіруді жетілдіру және кедендік операцияларды жүргізу кезінде ведомствоаралық өзара іс-қимылдың тиімділігін арттыру;
- электрондық құжат айналымын кеңейту, Одақ мемлекеттерінің кеден қызметтерінің ақпараттық жүйелерін үйлестіру, сондай-ақ кедендік бақылау үдерістеріне жасанды интеллект пен компьютерлік көру технологияларын енгізу;
- көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимылды күшейту, транзиттік тасымалдар кезінде құқық бұзушылықтардың алдын алу және тәуекелдерді басқару жүйелерінің тиімділігін арттыру.
Отырыс барысында Қазақстан Республикасы ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Жандос Дүйсембиев кедендік рәсімдерді одан әрі цифрландыру ЕАЭО мемлекеттерінің кедендік шекаралары арқылы тауарлардың қозғалысының ашықтығын, қауіпсіздігін және жеделдігін қамтамасыз етудің басты шарты екенін атап өтті.
Отырыс қорытындысы бойынша кедендік әкімшілендіруді одан әрі үйлестіруге, цифрлық технологияларды дамытуға және Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің кеден қызметтері арасындағы практикалық өзара іс-қимылды нығайтуға бағытталған шешімдер қабылданды.
Сондай-ақ қатысушылар Кеден қызметтері біріккен алқасының келесі отырысын өткізу күні мен орнын белгілеу туралы келісімге келді.